Өзбекстанда тергеу изоляторында отырған бір күдіктіні азаптағаны үшін Наманган облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы Үміт Рауповтың бостандығы үш жылға шектелді. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
Наманган қалалық соты айыпталушыға 8 мамырда үкім шығарған. Бірақ сот үкімі осы уақытқа дейін ресми түрде жарияланбаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2022 жылы 13 қазанда мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Наманган облыстық басқармасының қызметкерлері дәрі тасумен айналысқан Ф. Ф. есімді азаматты ұстап, милицияның тергеу изоляторына қамаған. Іс арнайы қызмет қарауында екеніне қарамастан, облыстық милицияның бөлім басшысы Үміт Раупов күдікті отырған камераға кіріп, оны мәлімет алу мақсатында азаптаған.
Сот-медицина сараптамасы күдікті денесінде азаптау іздері барын анықтады. Алайда күдіктінің "денсаулығына зиян тигізбегендіктен", олар жеңіл жарақат деп танылған.
16 наурызда Үміт Рауповқа "қызмет бабын асыра пайдаланды", "кісі азаптады" деген айыптар тағылды.
Сотта Раупов кінәсін мойындады. Сот оның еркіндігін үш жылға шектеді. Бұған қоса, үш жыл көлемінде ішкі істер органдарындағы жұмыстан шеттетті.
ПІКІРЛЕР