Өскеменде полиция ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп, пикетке шыққан Глубокое ауданының екі тұрғыны Владимир және Валентина Тарасовтарды ұстады. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов хабарлады. Зейнеткерлер облыстық мәслихаттың сессиясы өткен ғимарат алдында наразылық білдірген. Дәл осы күні депутаттар облыс әкіміне кандидаттарға дауыс берген еді.
"Полицейлер ұстаған кезде оларға күш қолданған (шынтақпен беттен ұрған). Валентина Тарасованың телефонын тартып алған. Оның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Денесінің жырылған жерлері тіркелді. Осының бәрін Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов үнсіз бақылап тұрды. Ол сайлауалды науқан кезінде сайлаушыларын қорғауға уәде беріп, Тарасовтарға да келіп, өзін қолдауды сұраған еді" деп жазды құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Оның айтуынша, Тарасовтарды полицияда үш сағат ұстаған. Ұстау туралы хаттама толтырылмаған, зейнеткерлер адвокатты шақыруды талап еткенімен, талаптары орындалмаған. Полицияда Валентина Тарасованың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Дәрігерлер оны ауруханаға алып кеткен. Кейін сол жақтан екі зейнеткер үйлеріне қайтқан.
Полиция әзірге ұстауға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Зейнеткер Тарасовтар бірнеше жылдан бері 2013 жылы моншада қаза тапқан ұлдары, кәсіпкер Григорий Тарасовтың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істің 2017 жылы жабылуына наразылық білдіріп келеді. Григорий Тарасовтың өліміне қатысты жүргізілген тәуелсіз сараптама "моншаның жылыту қазандығы өздігінен жарылмаған, оны айғақтарды жою үшін жарып жіберуге сырттан ықпал жасалған" деген қорытынды шығарған.
Олар ұлдарының өлімін әділ тергеуді талап етіп келеді. Зейнеткерлер бұған дейін де ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған.