Accessibility links

Зеленский: Майданнан "ауыр, бірақ, жалпы алғанда, жағымды" хабарлар келіп жатыр


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

"Қайта шабуылға шыққан украин әскеріне Ресей армиясы тегеурінді қарсылық көрсетіп жатыр. Себебі Ресейге Украинадағы бұл кампанияда жеңілу іс жүзінде соғыста жеңілгенмен пара-пар". NBC News арнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, майдан шебінен, жалпы алғанда, жағымды хабар келіп жатқанымен, олардың дені ауыр. Ол Батыс елдерінен қару-жарақ баяу жеткізіліп жатқаны Ресей қорғанысына қолайлы болып тұр деді. "Біз уақыт жағынан, адамдарымыздан және ең бастысы басымдықтан айырылып жатырмыз" деді Зеленский.

Украина президенті кеңсесі жетекшісінің өкілі Михаил Подоляк жуырда "Украина қарымта шабуылды әлі бастаған жоқ, әзірге Ресей армиясының әлсіз тұстарын анықтау үшін бірқатар қадамға барып жатыр" деген.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың айтуынша, украин әскері үш бағытта: Бахмут ауданы мен оңтүстік майдандағы екі орында шамамен бір шақырымға алға жылжыған. Маляр қай уақыт аралығында екенін айтпады. Ол Украина қарулы күштері "тегеурінді қарсылыққа" тап болғанын және ресейліктер адам саны мен техника жағынан басым екенін мойындады.

15 маусымда Украина қарулы күштерінің бас штабы қарымта шабуыл кезінде кейінгі аптада жеті елді мекен азат етілгенін мәлімдеген. Украина әскерінің хабарлауынша, украин сарбаздары өз аумағындағы 103 шаршы шақырым жерге бақылауды қалпына келтірген.

Украина қарулы күштері бас штабы жаппай қарымта шабуылға көшкенін ресми түрде мәлімдеген жоқ. Сарапшылардың көбі Украина әзірге шабуылға негізгі күшін салған жоқ деп есептейді.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі Украина қарулы күштерінің "қарымта шабуылы 4 маусымда басталғанын" айтып, украин жағының "адам шығыны көп екенін, жүздеген беренді техникасы жойылғанын" айтқан. 9 маусымда Владимир Путин қарымта шабуыл кезінде Ресей әскерінің шығыны Украинаға қарағанда 10 есе аз екенін, Украина ешбір бағытта жеңіске жетпегенін айтқан. Бірақ ешқандай цифр айтпаған. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жағы көп шығынға ұшырағанын айтты.

Батыс шенеуніктері украин әскері шабуылының дамуын, тұтас алғанда, оң бағалап, бірақ операция ұзақ әрі ауыр болуы мүмкін деп ескертті.

Украина шенеуніктеріне сүйенген The Washington Post-тың жазуынша, Украина қарымта шабуылды кейінге ысыра алмайды, себебі Киев суық түскенге дейін жетістікке жеткісі келеді. Басылым сөйлескен шенеуніктер қарымта шабуылдың салдарынан көп адам қаза болуы мүмкін екенін, техникалар жойылатынын айтқан. Олардың сөзінше, украин жағын әуеден қорғайтын әскери ұшақтар мен алысқа жететін артиллерия болмағаны әлсіретіп тұр.

Бұған дейін Politico басылымы АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі әскери қақтығыс ұзаққа, тіпті ондаған жылға созылуы мүмкін деген болжамды ықтимал сценарий ретінде қарастырып жатқанын хабарлаған. Басылым дереккөзінің айтуынша, Киев те, Мәскеу де жеңілгенін мойындағысы келмейтіндіктен, осы болжам шындыққа жақын.

XS
SM
MD
LG