Accessibility links

Google-дың бұрынғы бас директоры ресейлік миллиардердің тәркіленген суперяхтасын сатып алды


"Альфа Неро" суперяхтасы.
"Альфа Неро" суперяхтасы.

Google-дың бұрынғы бас директоры Эрик Шмидт аукционнан Антигуа және Барбуда билігі тәркілеген "Альфа Неро" суперяхтасын сатып алды. Америка қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, кеме халықаралық санкцияға ілінген ресейлік миллиардер Александр Гурьевке тиесілі. Бірақ ол мұны терістеген.

АҚШ билігінің айтуынша, Гурьев 2014 жылы яхтаны 120 млн долларға сатып алған. Миллиардер бұған дейін яхтаны жалға алғанын айтқан. Bloomberg-тің жазуынша, Google-дың бұрынғы басшысы оны $67,6 млн долларға сатып алған.

81 метрлік яхта 2022 жылдың ақпан айынан бері Антигуа және Барбудада тұрған. Биыл наурызда аталған мемлекеттің билігі егер иесі табылмаса, аталған кемені сататынын мәлімдеген.

2022 жылы тамыздың соңында Гибралтардағы аукционда тағы бір "Аксиома" атты суперяхта сатылған. Оны санкцияға ілінген ресейлік миллиардер Дмитрий Пумпянскиймен байланыстырады. Кеме 75 млн долларға бағаланған. Оның нешеге және кімге сатылғаны айтылған жоқ.

XS
SM
MD
LG