Вашингтон Украинаның солтүстікатлантикалық одаққа қосылу процесін жеңілдетпейді. 17 маусымда АҚШ президенті Джо Байден осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Киев одаққа қосылу үшін жалпы шарттарына сәйкес келуге тиіс.
"Бұл өзінен өзі бола қалмайды" деді Байден сенбі күні таңертең Вашингтон түбіндегі Эндрюс авиабазасында журналистерге. Десе де, Байден Украина өзінің әскери қабілетін көрсетуге көп күш салды деді.
Байден бұл сөзін Вильнюсте 11 және 12 шілдеде өтетін НАТО-ның жыл сайынғы саммиті қарсаңында айтып отыр, деп жазды "Америка дауысы" сайты. Жұма күні НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг бұл саммитте Украина одаққа шақырылмайды деп кесіп айтқан.
НАТО-ға мүше Шығыс Еуропа елдері Украинаны одақ құрамына алудың нақты жол картасын жасау қажеттігін алға тартады. Ал АҚШ пен Германия "Киев ерте не кеш әйтеуір одаққа қосылады" деген 2014 жылғы тұжырымдамасын қайталаумен келеді.
ПІКІРЛЕР