Accessibility links

Путин Африка басшыларына "Украинаның бейтараптығы туралы келісімді" көрсетті


Украина президенті Владимир Зеленский және Ресей басшысы Владимир Путин "норман форматы" аясындағы кездесу кезінде. Париж, желтоқсан 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және Ресей басшысы Владимир Путин "норман форматы" аясындағы кездесу кезінде. Париж, желтоқсан 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 17 маусымда Африка елдері басшыларымен келіссөз кезінде "Украинаның бейтараптығы туралы келісім" деп аталатын құжатты көрсетті. Оның сөзінше, келісім 2022 жылы соғыс басталған кезде Стамбулда өткен Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзде дайындалған. Ол аталған құжатқа Украина қол қоюдан бас тартқанын айтты.

Путиннің айтуынша, құжат "Украинаның тұрақты бейтараптығы мен қауіпсіздігіне кепілдік туралы келісім" деп аталады. Онда 18 бап бар. Қосымшада украин армиясының максимал саны көрсетілген.

"Біз келіссөзден бас тартқан жоқпыз. Украина жағы бас тартты" деді ол. Оның айтуынша, бұл Ресей әскерін Киевтен алып кеткеннен кейін болған.

Ресей мен Украина делегациялары былтыр наурызда Стамбулда кездескен. Сол кезде Киев Мәскеуге Украинаның бейтарап мәртебесі мен қауіпсіздігіне кепілдіктері туралы келісім жобасын берген. Гаранттар арасында Ресей де болуы тиіс деп айтылған.

Наурыздың соңында Ресей билігі Украина астанасынан кері қайтып, бірнеше күннен соң Украина басшысы Ресейді Киев түбіндегі Бучадағы әскери қылмысы үшін айыптаған. Бірнеше апта Ресей әскерінің бақылауында болған Буча қаласында орыс әскері кеткеннен кейін жүздеген бейбіт тұрғынның мәйіті табылған. Кейбірі азапталған, зорланған. Олар Ресей әскерінің қолынан қаза табуы мүмкін. Бұдан кейін Украина Путинмен келіссөзден бас тартып, НАТО-ға жедел түрде қосылу туралы өтініш берген.

17 маусымда Путин кездескен Африка елдерінің басшылары әуелі Украинаға барған. Олар тараптарды бейбітшілікке шақырған. Reuters-тің жазуынша, олар Мәскеу мен Киев арасында сенімді қалыптастыратын жоспар дайындаған.

16 маусымда Украина президенті Владимир Зеленский жоспарды кері қайтарды. Ол Ресей Украина аумағынан әскерін әкетпейінше Ресеймен келіссөз мүмкін емес деді. 17 маусымда Путин Мәскеу "диалогқа дайын", бірақ оған Украина дайын емес деп мәлімдеді.

Украинаның бейбітшілік жоспарында Ресейдің Украинадан әскерін шығарып, ондағы әскери қылмысы үшін жауап беруі туралы талап бар. Мамыр айында Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Киевтің ұсынысы бейбітшілік жоспар деп атауға келетін жалғыз жоспар деп айтқан. Оны АҚШ пен өзге де Батыс елдері қолдаған.

XS
SM
MD
LG