АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Пекинге барды. Оның сапары Қытай сыртқы істер министрі Цинь Ганмен келіссөзден басталды. Келіссөз Пекиндегі Дяоюйтай резиденциясында өтіп жатыр.
Блинкеннің Қытайға сапары екі күнге созылады. Сапар барысында Блинкен Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездеседі. Бұған қоса, мемлекеттік хатшы бірқатар қытай шенеуніктерімен де келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.
Бұл Американың жоғары лауазымды шенеунігінің кейінгі бес жылда Қытайға алғашқы сапары.
Блинкен Пекинге ақпанда баруды жоспарлаған, алайда АҚШ өзінің әуе кеңістігінде қытай аэростатын атып түсіргеннен кейін сапар кейінге шегерілген. Вашингтон сол кезде аппарат тыңшылықпен айналысты деп мәлімдеген. Ал Қытай билігі атмосфераны зерттейтін құрылғының бағытынан жаңылғанын айтқан.
Блинкеннің Қытайға сапары Қытай және АҚШ президенттерінің алдағы кездесуіне дайындық болуы мүмкін. Бұған дейін Джо Байден алдағы айлары Си Цзиньпинмен кездесуге үміт білдірген.
- Вашингтон мен Пекин соңғы уақытта Тайваньға қатысты қатаң мәлімдемелер жасаған. Қытай аралды өз аумағы деп санайды және АҚШ-ты Тайвань билігінің өкілдерімен тіке байланысқа шыққаны үшін айыптайды.
- АҚШ БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі сияқты Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп танымайды, бірақ Қытайдың оны күштеп өзіне қосуына қарсы. Заңға сәйкес, Вашингтон Тайваньға әскери көмек бере алады.
- Бұған қоса, АҚШ пен Батыс елдері Қытай Ресейге Украинаға қарсы соғысында көмектесіп, қару беруі мүмкін деп қауіптенеді, бірақ Пекиннің Мәскеуге қару-жарақ бергеніне тіке дәлел жоқ. Блинкен бұған дейін Пекин Мәскеуге заңсыз әскери көмек беріп жатыр, қару-жарақ тасымалдау мәселесін де қарастырып жатыр деп мәлімдеген. Ал Қытай билігі мұны жоққа шығарған.
- Ақпан айында Қытай соғысты аяқтау жоспарын таныстырған. Пекин атысты тоқтатуды, бейбіт келіссөзді бастап, гуманитарлық дағдарысты жоюды ұсынған. Сыншылар құжатта жалпы нәрселер жазылғанын, қақтығысты шешудің нақты қадамдары болмағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР