Accessibility links

Байденнің ұлы салық төлеуден қашқанын мойындады


Хантер Байден
Хантер Байден

АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден екі айып бойынша өзін кінәлі деп тануға келісті. Бұл жөнінде BBC мәлімдеді.

Бірінші айып 2017-2018 жылдары төленбей қалған салыққа байланысты. Кейін Хантер Байден ол соманы толығымен өтеген.

Екінші іс 2018 жылы Хантер Байденнің Colt Cobra 38 special үлгісіндегі тапаншаны сатып алғанына байланысты. Тергеу мәліметіне қарағанда, Хантер онда сатушыдан 11 күн қатарынан есірткі қолданғанын жасырған.

Президенттің ұлы бұл айыптарды мойындағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен құтылуы мүмкін. Ол үшін белгілі талаптарды орындауы керек болады: екі жыл бойы есірткі қолданбау және ешқашан қару-жараққа иелік етпеу. Хантер есірткіден емделуге келісімін берген.

Джо Байден сейсенбі күні кінәсін мойындауға келіскен ұлын қолдады. "Президент пен бірінші ханым ұлдарын жақсы көреді және қолдайды, себебі ол өмірін қалпына келтіруге күш салып жатыр. Бұдан басқа хабарлама болмайды" деп жазылған 20 маусымда Ақ үй таратқан хабарламада.

53 жастағы Хантер Байденге бұл айыптар бұрынғы президент Дональд Трамп тағайындаған прокурор Дэвид Вайстың зерттеуі нәтижесінде тағылған.

Reuters-тің жазуынша, Дональд Трамптың жақтастары мен республикашыл-одақтастары ұзақ жылдардан бері Хантер Байденнің қыр соңынан қалмай келеді. Дональд Трамптың өзіне кейінгі бірнеше айда жалған қаржы құжаттарын жасау бойынша айып тағылған. Бұл істе порножұлдыз Сторми Дэниелске тіс жармағаны үшін ақша төлегені де айтылады. Трампқа сонымен бірге ұлттық қауіпсіздікке қатысты құжаттарды заңсыз сақтау бойынша да айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG