Accessibility links

Қазақстанда Державин қаласының атауы Кенесары болып өзгертілді


Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімшілік орталығы Державин қаласы. 2023 жылғы маусым.
Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімшілік орталығы Державин қаласы. 2023 жылғы маусым.

Ақмола облысындағы Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласының атауы Кенесары болып өзгертілді. Тиісті шешім Ақмола облысы Жарқайың ауданы тұрғындарының жиынында қабылданды, деп жазды Qaz365.kz сайты.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жиналысқа қатысқандардың басым бөлігі қаланы Кенесары деп атауды қолдаған.

"Дауыс саны есептелді, бақылаушылар болды. 325 адам тіркелген, 321 бюллетень берілген. Қала атауын Кенесары деп өзгертуді 192 адам қолдаған, 125 адам қарсы дауыс берді. 4 адам қалыс қалды" деп айтылды жиында.

1837-1847 жылдары Ресей империясы мен Қоқан хандығына қарсы Кенесары хан бастаған қазақ халқының көтерілісін тарихшылар қазіргі Қазақстан аумағындағы ең ұзаққа созылған және ірі көтерілістерінің біріне жатқызады.

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді әскери басқыншылық бастағаннан кейін Қазақстанда СССР мен Ресей патшалығы тұсында қойылған топонимдерді жаңғырту туралы ақпарат ерекше назар аударатын болды. Елді мекен я көше атауын өзгертуден туған дау-дамай жиі естілді.

Биыл сәуірде Қарағанды облысындағы советтік атауы бар бірнеше ауылдық округ пен ауылдарға жаңа ат берілген.

2021 жылы Қазақстан билігі елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің "идеологиялық тұрғыдан ескірген" атауын өзгертудің 2022-2025 жылдарға арналған "жол картасын" қабылдаған. Ақпанда үкімет жиынтығы үш мыңға жуық ескі атауды өзгеру жоспары барын мәлімдеген. Осы "жол картасына" сәйкес, Ақмола облысында әлгіндей "идеологиялық тұрғыдан ескірген" атауы бар 309 елді мекен мен 1010 елді мекеннің құрамдас бөлігі бары анықталған.

Былтыр интернетте Павлодар қаласын – Ертіс, Петропавлды Қызылжар деп атау туралы петиция жарияланды. Оған қол қойғандардың көбі аталған қала атауларын өзгертуді қолдаған.

Жаңалыққа түзету енгізілді: Державин қаласының атауы ресми түрде өзгертілген жоқ, әзірге бұл істі тоқтатып қойған. Қала атауы өзгертілді деген бастапқы ақпарат жаңсақ екені анықталды.

XS
SM
MD
LG