Accessibility links

Джо Байден Си Цзиньпинді диктатор деп атады


АҚШ президенті Джо Байден және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Индонезияда өткен G20 саммиті. Қараша айы, 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Индонезияда өткен G20 саммиті. Қараша айы, 2022 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден АҚШ аумағында қытай тыңшылық зондының атып түсірілуіне байланысты Қытай басшысы Си Цзиньпиннің реакциясы туралы айтқан кезде Қытай басшысын диктатор деп атаған. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Калифорнияда өзінің сайлау кампаниясына ақша жинау шарасы кезінде сөз сөйлеген Байден "Екі вагон тыңшылық аппараты бар әуе шарын атып түсірген кезде Си Цзиньпин не үшін ашуланды? Себебі ол шар жөнінде білмеген. Ал мұндай нәрсе диктаторларға ұнамайды" деді Байден.

Осы апта басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қытайға екі күндік сапары аяқталған. Блинкеннің сапары кейінгі жылдары мүлде нашарлап кеткен Вашингтон мен Пекин арасындағы екіжақты қатынасты жақсартуға бағытталған деп айтылған. 19 маусымда Пекинде Блинкен мен Си Цзиньпин келіссөз өткізген.

Кездесуден кейін өткен баспасөз конференциясы кезінде мемлекеттік хатшы АҚШ пен Қытай екіжақты қатынасты тұрақтандыруға келісті деп мәлімдеген. АҚШ өкілінің айтуынша, дегенмен Вашингтон мен Пекин арасында бірқатар мәселе бойынша терең қайшылықтар қалған. Бірақ жай-жапсарына тоқталмады.

  • Блинкен Пекинге ақпанда баруды жоспарлаған, алайда АҚШ өзінің әуе кеңістігінде қытай аэростатын атып түсіргеннен кейін сапар кейінге шегерілген. Вашингтон сол кезде аппарат тыңшылықпен айналысты деп мәлімдеген. Ал Қытай билігі атмосфераны зерттейтін құрылғының бағытынан жаңылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG