21 маусымда Семей қаласының №2 соты Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, азаптаудан өлген Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты іс бойынша айыпталған уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекованы бір жылға шартты түрде соттады. Сот оны медицина мекемелерінде үш жыл еңбек ету құқығынан да айырды. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.
Сот үкіміне сәйкес, Төлеубековадан жәбірленушілер өтемақы қорына 30 630 теңге өндіріліп алынады. Бұған қоса, сот оны моральдық өтемақы ретінде Жотабаевтың отбасына 500 мың теңге төлеуді міндеттеді.
Төлеубековаға "Кездейсоқ бір адамның өліміне әкелген медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" (317-бап) бойынша айып тағылған. Бұған дейін қорғау тарабы фельдшердің Жотабаев өліміне қатысы жоғын айтып, бұл іс бойынша бірінші кезекте оны азаптаған полиция қызметкерлері мен уақытша қамау изоляторын жауапқа тарту қажеттігін айтқан.
Жотабаевтың өліміне байланысты бөлек процесте "Қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" (146-бап) бабы бойынша екі полиция қызметкері Әлішер Қанақынов және Ерсұлтан Ағзановқа айып тағылған. Олардың соты енді ғана басталған.
Жандос Жотабаев былтыр 6 қаңтарда "бейбіт митингіге қатысқаны үшін" ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болған Жотабаев екі күннен кейін уақытша қамау изоляторына ауыстырылған. 17 қаңтарда изолятор қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлаған. Жандос Жотабаевтың бауыры 2022 жылы ақпанда зерттеу кезінде марқұмның өкпесінен сұйықтық табылғанын, мұндай жағдай қатты соққыға жығылған адамда болатынын айтқан. Бауырының айтуынша, оның 11 қабырғасы сынған.
Жуырда Семей соты Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша қамау изоляторында қаза болған Елдос Қалиевтің өліміне байланысты айыпталған екі полиция қызметкеріне үш жыл шартты жаза берген.
ПІКІРЛЕР