Accessibility links

Павлодар облысында ферроқорытпа зауытындағы өрт сөндірілді


Павлодар облысы Ақсу ферроқорытпа зауытындағы ірі өрт сөндірілді. Бұл жөнінде 21 маусымда түнде төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

"21 маусымда Ақсу ферроқорытпа зауытында трансформатор өртенді. Өрттің жалпы ауданы – 200 шаршы метр. Өрт сөндіруші қолынан жарақаттанып, ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында төтенше жағдай департаментінің 53 қызметкері мен 13 техникасы жұмыс істеді" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, өрт сағат 20:52-де оқшауланған, сағат 22:40-та толық сөндірілген.

Кәсіпорыннан өрт шыққаны туралы хабар 21 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 16 шамасында түскен.

Зауытта өрт басталған кезде өрт сөндіру жүйесі автоматты түрде қосылып, кәсіпорын қызметкерлері өрт сөндірушілер келгенге дейін өз бетімен ғимараттан шығып үлгерген.

Өрттің себебі айтылмайды.

Бұған дейін оқиға орнына экология департаментінің мамандары да барып, ауа сапасын тексеретіні айтылған. Әзірге департамент өкілдері ақпарат таратқан жоқ.

Шамамен 70 мың халқы бар Ақсу қаласындағы Ақсу ферроқорытпа зауыты хром, кремний және марганец қорытпасын шығаратын әлемдегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналады. Ол олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев және марқұм Алиджан Ибрагимовтің ізбасарлары басқаратын Еуразиялық топқа (ERG) кіретін "Қазхром" компаниясын қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG