Accessibility links

Лондонда 60 елдің өкілдері Украинаны қалпына келтіру мәселесін талқылады


АҚШ Украина экономикасын қолдау үшін қосымша 1 млрд 300 млн доллар бөледі. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Лондонда өткен Украина экономикасын қалпына келтіруге арналған халықаралық конференцияда мәлімдеді. France24 арнасының хабарлауынша, конференцияға 60-тан астам елдің басшылары жиналған.

Киевтің Батыстағы одақтастары Украина экономикасына қаржылай көмекті ұлғайтуға уәде берді, бірақ Украинаны қалпына келтіру Ресейдің мойнында екенін ескертті.

"Украинаны қиратқан Ресей. Украинаны қалпына келтіруге кететін шығынды ақыр соңында Ресей мойнына алады" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Вашингтон бөлетін қаржының басым бөлігі энергожүйе мен маңызды инфрақұрылымдарға жұмсалмақ. Атап айтқанда, 520 млн доллар энергетика саласын модернизациялауға бөлінеді.

"Қалпына келтіру – бұл Украинаның Еуропамен толық интеграцияланған, әлемнің барлық нарығымен байланыс орнатқан, тәуелсіз, қауіпсіз ел ретінде гүлденуінің іргетасы" деді Энтони Блинкен.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак конференция кезінде Лондон Украинаға Дүниежүзілік банк арқылы үш млрд доллар кепілмен несие беретінін мәлімдеді. Бұл қаржы Украинаның мемлекеттік мекемелерін, мектеп мен ауруханаларды қалпына келтіруге жұмсалатынын жеткізді.

"Бахмут пен Мариупольды көріп отырғанымыздай, Ресей тартып ала алмағанын толық жойып жатыр. Украина экономикасына да осыны істегісі келеді", - деді британ премьер-министрі.

Ұлыбритания бұдан бөлек Украинаға 250 млн фунт инвестиция бөлетінін мәлімдеді.

Еурокомиссия мүшесі Урсула фон дер Ляйен Киевтің реформа жолында айтарлықтай прогресс барын айтты.

"Мақсат жақын. Біз Украинадағы реформаларды Еуроодақ инвестицияларымен біріктіргіміз келеді. Біз ұсынып отырған 50 млрд доллар Украинаны 2027 жылға дейін қолдау көрсетуге көмектеседі", - деп жазды фон дер Ляйен Twitter парақшасында.

Конференцияға Украина президенті Владимир Зеленский видеобайланыс арқылы қатысты.

Дүниежүзілік банктың мәліметінше, биыл Украинаға халықаралық донорлардан 14 млрд доллар қажет. Бұл қаржы әлеуметтік шығындар, атап айтқанда, зейнетақы төлемі мен денсаулық сақтау саласы мен мұғалімдердің айлығына жұмсалмақ.

Дүниежүзілік банк сонымен бірге Украинаны толығымен қалпына келтіруге 350 млрд доллар қажет дейді. Еурокомиссия басшысының бағалауынша, Украинаға келген шығын 600 млрд еуро. Украина президенті Владимир Зеленский болса шығын бір триллион доллардан асады дейді.

БҰҰ Украинаны минадан тазалау үшін ауқымды операция қажет екенін айтып, оның көлемін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада ұйымдастырылған жарылғыш заттарды залалсыздандыру науқанымен салыстырды.

БҰҰ-ның минадан тазарту қызметінің бағдарламалық менеджері Пол Хеслоптың айтуынша, Украина жерін тазалау үшін шамамен 5 жыл қажет және жылына 300 млн доллар керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG