Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев әйелінің көше жарнамасымен шұғылданатын компания құрылтайшыларының құрамынан кеткенін мәлімдеді. Алайда egov порталы мұны растамайды.
"Сіз Алматы қаласының әкімісіз. Қала көшелеріндегі жарнамалардың басым бөлігін сіздің әйеліңіз Гүлнар Досаева құрылтайшыларының бірі болып табылатын компания орналастырған. Бұл жерде мүдделер қақтығысы бар деп ойламайсыз ба?" деп сұрады Азаттық тілшісі 22 маусым күнгі брифинг кезінде Алматы әкімінен.
"Компания бұрын құрылған. Басты әріптесі – жарнама саласындағы көшбасшы компания. Негізгі үлес сіз айтқан 4 құрылтайшы арасында бөлінген. Алматы әкімі болып келгенімде бұл мәселе туындайтынын түсінгенмін. Былтыр желтоқсанда екі жеке әріптес – менің әйелім мен Гаухар Қаппарова өздерінің үлестерін (әрқайсысына 15 пайыз тиесілі) өзге серіктеріне сатып кетті. Сол себепті былтырдан бері жарнама бизнесіне қатысым жоқ" деді Досаев.
"Неге жылдың соңында? Себебі сіз әкім болып жылдың басында келгенсіз" деген сұраққа Досаев осы уақыт бойы "серіктермен келіссөз жүргенін" айтты.
"РТС Деко" өзінің жарнама конструкцияларына жарнама қою қызметін ұсынатын компания. Ол көлік, сусын, парфюмерия өнімдері мен өзге де тауарларды жарнамалайды.
Ашық дереккөзге сүйенсек, бұл компанияның құрылтайшыларының бірі Алматы әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнәр Досаева.
"РТС Деко" компаниясы Қазақстанда тіркелген. Компания акциясының 50 пайызы JCDecaux Asie Holding компаниясына тиесілі, ақырғы бенефициары Францияда тіркелген JC Decaux S.A. компаниясы деп айтылады.
Ашық деректерде "РТС Деко" компаниясы акциясының 15 пайызы Гүлнәр Досаеваға тиесілі деп көрсетілген. Гаухар Қаппарованың да сонша үлесі бар. Қалған құрылтайшы ретінде Дәурен Білиев (10 пайыз) және Арман Қағаров (10 пайыз) деп көрсетілген. Гүлнәр Досаеваның акцияларының құны 6,8 млн теңгеге бағаланған.
Қазіргі кезде құрылтайшылардың аты-жөні жасырылған. egov порталында олардың саны бесеу екені ғана айтылған.
Досаевтың "әйелім өз үлесін сатып жіберді" деген сөзін egov порталы растап тұрған жоқ. Құрылтайшылардың құрамына өзгеріс соңғы рет 2017 жылы енгізілген.
Қазақстан қор биржасының сайтында "РТС Деко" эмитенттерінің құнды қағаздары биржа тізімінде жоқ екені жазылған.
43 жастағы Ерболат Досаев 2022 жылы қаңтарда Алматы қаласына әкім болып келген. Оған дейін Ұлттық банкті басқарған, бұрын үкіметте – экономика министрі, вице-премьер болған.