Accessibility links

Forum 18 тәжік діндары Мұхаммади Рахматулло қандай айыппен сотталғанын анықтады


 Мухаммади Рахматулло. 2007 жыл
Мухаммади Рахматулло. 2007 жыл

Forum 18 дін бостандығын қорғаушы норвегиялық ұйым Тәжікстанда сотталған Мұхаммади Мұхаррамовқа (Мұхаммади Рахматулло есімімен танымал) шыққан үкімді жариялады.

Мұхаммади Рахматулло бұрын Тәжікстанда тыйым салынған "Салафия" ағымы жетекшілерінің бірі болған. Биыл наурыз айында Душанбе соты оны 8 жылға колонияға отырғызған. Тәжік соты 2016 жылы да оны сегіз жылға соттап, бірақ кейін рақымшылықпен босатқан.

Мұхаммади Рахматуллоның бауыры Юсуф Мұхаррамовтың Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, діндар Тәжікстан қылмыстық кодексінің 307-бабы негізінде сотталған, бірақ ол үкім мазмұнымен таныса алмаған. 307-бап түрлі тармақтар мен қосымшалардан тұрады, олардың арасында экстремистік әрекетке үндеу, экстремистік топ ұйымдастыру айыптары да бар. Тәжікстанда Рахматуллоға шығарылған үкім мазмұнымен ешкім таныса алмаған.

Forum 18 ұйымының 21 маусымда хабарлауынша, Мұхаммади Рахматулло 12 адамнан тұратын топқа заңсыз діни дәріс берді деген айыппен ұсталып, соның негізінде сотталған.

Ұйым мәліметіне қарағанда, осы топта дәріс алғандар алты жылдан тоғыз жылға дейінгі аралықта сотталған. Олардың сотының қалай өткені белгісіз. Сотталғандардың туыстарының пікірін білу мүмкін болмай отыр.

Мұхаммади Рахматуллоның туыстары Forum 18 ұйымына Рахматулло "оқушыларға намазды қалай оқу керектігін ғана үйреткен" деп айтқан.

Тәжікстанда діни білімді мемлекеттік оқу орындарында ғана алуға болады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тәжікстан билігін азаматтардың дін бостандығы құқығын бұзғаны үшін сынайды. АҚШ 2016 жылы Тәжікстанды "азаматтардың діни құқықтары мен еркіндіктерін бұзатын" ерекше алаңдаушылық туғызатын елдер қатарына жатқызған. Тәжікстан билігі айыптауларды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG