Астана қалалық соты "терроризмді насихаттау" бабы бойынша айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған суретші Дәурен Макинге шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық шағымды сот 20 маусымда қараған. Сот үкімі сол күні шыққан.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы суретшінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Осылайша қорғау тарабының 2021 жылы Макинге екі адам келіп, онымен болған әңгімені диктафонға жазып алып, қысыммен әрекет етті деген тұжырымын ескермеді.
Апелляция алқасы шағымда келтірілген сараптама "қарама-қайшы жасалған" деген тұжырыммен келіспеді. Сот мұны бірінші инстанциядағы сот тексерді деп санайды.
"Филологиялық, саяси, теологиялық, діни сараптама бар. Бұл сараптамалар бір ғана сөзге қатысты жасалған жоқ. 2018 жылдың сәуірі мен 2022 жылдың қаңтар айларында Макин жариялаған мәліметтерді қамтиды" деді судья.
47 жастағы Дәурен Макиннің адвокаты Жасұлан Қауменов апелляциялық шағымында соттан үкімнің күшін жойып, Макинді босатуды сұрады. Сотта суретшінің әкесі мен бауыры Әділет те осыны сұрады.
Прокурор Сапаев Макиннің кінәсі бірінші инстанциядағы сотпен дәлелденгенін айтып, үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Соңғы он жылдан бері намаз оқитын Дәурен Макинді ҰҚК қызметкерлері былтыр сәуірде ұстаған. Суретшінің адвокатының сөзінше, Макинге тағылған бар айып диктафондағы аудиожазбаға негізделген.
2021 жылы Макинге сурет салуды үйренеміз деген сылтаумен екі адам келіп, ортадағы әңгімені диктофонға жазып алған. Келгендер арнайы қызмет адамдары екені кейін анықталған. Іс материалдарына қарағанда, сараптама сол кезде суретшінің айтқандарынан "терроризмді насихаттау" белгілері бар деп тұжырым жасаған.
Қорғау тарабының айтуынша, суретшінің сотталуына кемінде 238 адамның өмірін алып кеткен Қаңтар оқиғасына қатысты сурет, эскиздер жариялауы да себеп болған дейді.
Суретші Дәурен Макиннің "Наурыз", "Мастер" картиналары Астанадағы тарихи музейге қойылған. Оны әріптестері ұлттық, тарихи тақырыптарға көп картина салған суретші ретінде сипаттайды. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы да сурет салған. Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Макин әлеуметтік желіде Ресей мен оның басшысы Владимир Путинді сынап жазба жариялаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Макиннің ісі саясиланған, оның қуғындалуына әлеуметтік желідегі саяси жазбалары себеп болды деп санайды.