23 маусымда күндіз Алматыда бір топ жүргізуші қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жиналып, 1 шілдеде аяқталатын шетел көліктерін заңдастыру мерзімін ұзартуды талап етті. Елде жыл басынан бері 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге заңсыз әкелінген шетел көліктерін заңдастыру науқаны жүріп жатыр.
Жұма күні жиналғандар елде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген 200 мыңға жуық көлік барын айтып, оларды да заңдастыруды талап етті.
– 3 қыркүйек, 5 қыркүйек, сол қыркүйектің аралығында кірген машиналар бар. Кейін кірген машиналар бар. Оның бәрін кіргізді. Сақтандыру полисін жазғыздық. Айыппұлын да төлеп жатырмыз. Енді сол көліктерді заңдастыруды талап етіп келіп отырмыз. Егер біздің көлікті заңдастырмайтын болса, онда былтыр 1 қыркүйектен кейін шекараны жауып тасатуы керек еді, - дейді жиналғандардың бірі Таласбек Жанарбекұлы.
Былтыр 5 қыркүйекте Армениядан жеңіл көлік әкелгенін айтқан ол енді машинасын айыппұл тұрағына қойып қоя ма деп қорқады.
Ел аузында АвтоЦОН атанып кеткен орталыққа 23 маусымда 30-ға жуық адам келді. Арасында азаматтық белсенді Асхат Берсәлимов те бар.
– Бізге Алматы қалалық әкімшілік полиция департаментінің бастығы «сақтандыру полисі барларға бірінші шілдеден кейін ешкім тиіспейді» деп уәде берген. Бірақ автокөлік иелері оған сенбейді. Себебі бұл жерде тұрғандардың негізгі бөлігі бірінші қыркүйектен кейін Қазақстанға көлік әкелгендер, - дейді белсенді.
Құзырлы орган өкілдерінен ешкім келіп сұрақтарына жауап бермеді. Өзін «процесстік орталықтың бастығымын»деп таныстырған азамат оларды оңаша шақырып, арыз жазуға кеңес берді.
16 маусым күні ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев тұрғындарға қарата мәлімдеме жасап, Еуразия экономика одағы аумағынан әкелінген заңсыз көліктерді заңдастыру мерзімінің 1 шілдеден арыға ұзармайтынын, керісінше заң бұзғандарға айыппұл бар екенін ескерткен.
Бұдан кейін аталған одақ аумағынан әкелінген, бірақ бұрынғы жеріндегі тіркеуден шығарылмай қалғанына байланысты заңдастырылмай қалған көліктер Қазақстанда бес жылға дейін уақытша есепке алынатынын айтқан.
Елде шетел көліктерін заңдастыру мерзімі аяқталуға жақын қалған шақта Қазақстанның кейбір өңірлерінде көліктерді тіркеуге арналған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болған.
Қазақстанда шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру құны қымбаттығына байланысты соңғы бірнеше жыл бойы наразылықтар болып келді. Қазақстан билігі де бірнеше рет жеңілдік жасап көрген.
ПІКІРЛЕР