Accessibility links

Қаңтарда оққа ұшқан отбасының өліміне қатысты сот: прокурор айыпталушыға 7 жыл түрме сұрады


Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сот. Алматы, 20 қаңтар 2023 жыл.
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сот. Алматы, 20 қаңтар 2023 жыл.

Былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сотта жарыссөз болды. Прокурор "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған Алматы облысындағы 18 404 әскери бөлімінің қызметкері, қатардағы жауынгер Данияр Егембаевты 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады. Сот Алматы гарнизонының әскери сотында өтіп жатыр.

Былтыр 8 қаңтарда Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразыхан Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көліктерімен кетіп бара жатқанда арнайы жасақтың оғынан қайтыс болған. Данияр Егембаев Нұрболат Сейітқұлов пен оның қызы Нұрай Оразыханның өліміне қатысты істе айыпталушы танылған. Алтынай Етаеваның өліміне қатысты іс жеке өндіріске шығарылған.

Бұған дейін Етаеваға тиген оқ қайырылып кеткендіктен, кім атқаны әлі дәлелденбегені хабарланған еді. Бұған жәбірленуші жақ наразы болған.

– Алтынайға қатысты істі отбасынан бөліп тастаған. Оған үш оқты кім атқанын дәлелдей алмапты. Дәлелдей алмаса, істі жабады. ... Қазақстанда ит өлсе де, соттап жатады. Олардың бәрінің сотталғанын қалаймыз. Жазадан жалтарып кеткенін қаламаймыз, – деген еді марқұм Сейітқұловтың әпкесі Дариға Дәуітәлиева Азаттыққа жыл басында.

23 маусымда Азаттық жәбіренуші жақтың адвокаты Ринат Баймолдаға хабарласқанмен жауап ала алмады.

Былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде бірнеше адам қаза болып (құқық қорғаушылар 14 адам опат болғанын айтады), Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да, көлікпен кетіп бара жатқан екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам қаза тапқаны анықталған.

Былтыр Қаңтар кезінде әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатып, оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан әскери қызметкер Марк Злуняев алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Құқық қорғаушылар мен белсенділер, марқұмдардың жақындары Қаңтар бойынша адам өліміне қатысты істердің басым бөлігінің жабылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG