Accessibility links

Песков: Пригожинге қарсы қозғалған іс тоқтатылады, ол "Беларуське кетеді"


Евгений Пригожин.
Евгений Пригожин.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожинмен келісім жасалғанын растады.

Песковтің айтуынша, келіссөзге "Пригожинді 20 жылдан бері жеке танитын" Беларусь басшысы Александр Лукашенко қатысқан. Кремльдің баспасөз хатшысының айтуынша, қарулы бүлік туралы қылмыстық іс жабылады, бірақ қандай негізде жабылатынын айтпады. Пригожиннің өзі "Беларуське кетеді". Ол жақта не істейтіні әзірге хабарланбады.

Кремль өкілінің айтуынша, "қарулы бүлікке" араласқан "Вагнер" жасақтары да қудаланбайды. Мәскеуге "әділдік маршына" қатыспағандары Ресей қорғаныс министрлігі өкілдерімен келісімшартқа қол қоя алады.

Песковтың айтуынша, соңғы оқиғалар Украинада соғысып жатқан орыс әскерінің әрекетіне "әсер етпейді".

Пригожин бір күн бұрын Мәскеуге шамамен 200 шақырым қалғанда "Мәскеуге жорығын" тоқтатып, жалдамалы әскерін лагерьге қайтаратынын, себебі қантөгіс болғанын қаламайтынын айтқан. Ол жөнінде бірінші болып Лукашенко хабарлады.

Кремльшіл "Ридовка" басылымының хабарлауынша, "Вагнер" тобымен қақтығыста сенбі күні 15 әскери қызметкер қаза болған. Мәселе бірінші кезекте атып түсірілген Ил-18 ұшағы мен бірнеше тікұшақ ұшқыштары жөнінде болып отыр. "Вагнер" тобы жағынан адам шығыны туралы мәлімет жоқ.

Пригожиннің басты талабы қорғаныс министрлігі басшыларының отставкасы болған. Песковтың айтуынша, кадр мәселесі 24 маусым күнгі келіссөз кезінде талқыланбаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG