Accessibility links

Украина қорғаныс министрлігі Бахмут түбінде шабуылға шыққанын мәлімдеді


Украина әскері сенбі күні Донецк облысында бірден бірнеше бағытта шабуылға шықты. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр хабарлады.

Оның сөзінше, Орехов-Васильевка, Бахмут, Богдановка, Ягодный, Клещиевка, Курдюмовка бағыты бойынша шабуыл жүріп жатыр.

"Барлық бағытта алға жылжу бар" деп жазды Анна Маляр. Бірақ жай-жапсарын айтпады. Ресей қорғаныс министрлігі ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Украина қарулы күштері шабуыл бригасының үшінші бөлім командирі Андрей Билецкий шайқас кезінде украин әскері ресейлік батальонды талқандап, солтүстік Донецк каналының батыс жағалауын толық бақылауына алғанын айтты.

Соғыс кезінде тараптардың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Малярдың айтуынша, оңтүстік бағытта да шайқас жүріп жатыр. Ол жақта да украин әскері шабуылға көшкен.

Украин әскерінің Бахмут түбінде шабуылға шыққаны Ресейде "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің "қарулы бүлігімен" байланысты ма, жоқ па, белгісіз. Украина әскерінің хабарламасында ол туралы айтылмайды. Украина президенті Владимир Зеленский 24 маусым кешке ресейліктерге орысша үндеу жасаған.

“Кремльдегі адам қатты қорқып, бір жерде тығылып отырған сияқты. Мәскеуде емес екеніне сенімдімін. Бір жерлерге хабарласып, не болып жатқанын сұрастырып жатқан болар... Ол неден қорқатынын біледі, себебі осы қатердің бәрін өзі тудырды. Зұлымдық, шығын, қастық – осының бәрін өзі таратып отыр. Ол бункерлерінің арасында неғұрлым ұзақ қашып жүрген сайын сонша жоғалтасыңдар... Біз, украиналықтар, елімізді қорғаймыз. Еркіндігімізді қорғаймыз. Міндетті түрде жеңіске жетеміз. Ал сендер ше? Украин жерінде әскерің неғұрлым ұзақ болған сайын Ресей сонша шығынға батады. Бұл адам Кремльде неғұрлым ұзақ отырса, апат та соғұрлым көп болады” деген еді Украина басшысы.

XS
SM
MD
LG