Accessibility links

Ресей әскерінің Киевке жасаған ракета шабуылы салдарынан 5 адам қаза болды


Ракета сынығы түскен тұрғын үй маңын лентамен қоршап жатқан полиция қызметкерлері. Украина, 24 маусым 2023 жыл.
Ракета сынығы түскен тұрғын үй маңын лентамен қоршап жатқан полиция қызметкерлері. Украина, 24 маусым 2023 жыл.

24 маусымға қараған түні Киевке жасалған ракета шабуылының салдарынан қаза болғандар 5 адамға жетті. Ресей ракетасының сынығы түсіп, қираған орыннан құтқарушылар тағы екі адамның денесін тапты. Бұл жөнінде қала мэрі Виталий Кличко хабарлады. Бұған дейін үш адам өлгені айтылған еді.

Шабуылдың салдарынан Киевтің Соломен ауданындағы 25 қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі қираған.

Украина билігінің хабарлауынша, 24 маусымға қараған түні Ресей әскері шабуылдаушы Ту-95МС ұшағынан Х-101/555 ракетасын ұшырған. Шамамен 20 ракета Киев аумағында атып түсірілген деп айтылады.

25 маусымға қараған түні Украинаға жаппай ракета шабуылы жасалған жоқ, алайда бірқатар облыстарда атқылау болған. Херсон билігі жексенбі күні таңертең тұрғын үйлер атқыланғанын хабарлады. Қалада бір бейбіт тұрғын қаза болған. "Снарядтардың бірі бөлме ішінде жарылған" деді облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Прокудин.

XS
SM
MD
LG