Accessibility links

Пригожин бүлігінен кейін Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескен


Александр Лукашенко мен Нұрсұлтан Назарбаев

Беларусь президентінің баспасөз қызметі президент Александр Лукашенко Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлескенін хабарлады.

Бұл ақпаратқа қарағанда, маусымның 25-іне түске дейін Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен, түстен кейін Назарбаевпен әңгімелескен.

"Халықаралық жағдай мен аймақтағы ахуалды және Беларусь - Қазақстан қатынастарын талқылады" дейді хабарда.

Лукашенкомен сөйлескені туралы Назарбаевтың баспасөз қызметі хабарламаған.

24 маусымда "Вагнер" жалдамалылары бүлік шығарып жатқанда Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласып, "Ресейдегі жағдай туралы айтқанын" Ақорда мәлімдеген.

Ақорданың хабарына қарағанда, әңгіме кезінде Тоқаев "Ресейде болып жатқан жағдай - Ресейдің ішкі ісі" деген. Бұл әңгіме туралы Кремль ақпарат таратпаған.

  • 23 маусымда "Вагнер" жалдамалыларының басшысы Евгений Пригожин "Ресей тұрақты әскері бізді ракетамен атқылады" деп мәлімдеген. Содан соң "Вагнердің" 25 мың жауынгері Ресей қорғаныс министрлігінің басшыларын жауапқа тарту үшін Мәскеуге "әділет жорығына" аттанатынын хабарлаған.
  • "Вагнер" жалдамалылары бір тәулік ішінде Дондағы Ростов қаласын алған. Тіпті Воронеж қаласына да бақылау орнатқан дейтін болжам бар. Путин бұл шабуылды "сатқындық" деп бағалап, Ресей федералды қауіпсіздік қызметі Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғаған.
  • Сенбі күні кешке Пригожинмен Александр Лукашенконың келісімге келгені, "Вагнердің" кері қайтқаны туралы хабар тараған. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, "Вагнер" жалдамалылары майдандағы орнына қайтады, ал Евгений Пригожин Беларусьқа кетеді.
  • 2019 жылы қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік алдына шығуды доғарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG