Accessibility links

Шымкентте прокурор тергеуде өлген Жұмабаев ісі бойынша төрт полицейді 3 жылдан 9 жылға дейін соттауды сұрады


Полиция ғимаратында өлген Нұрболат Жұмабаев
Полиция ғимаратында өлген Нұрболат Жұмабаев

27 маусымда Шымкент қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізілген 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты "азаптап өлтірді" деген күдікпен айыпталған төрт полицейді 3 жылдан 9 жылға дейін қамауды сұрады. Айыпталушылар тағылған айыпты мойындамайды.

Прокурор айыпталушыларды кінәлі деп есептеп, Қылмыстық кодекстің "билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (362-бап) және "азаптаулар" (146-бап) бабымен күдікке ілінген Дәулет Аймешовті 9 жылға, Уәлихан Жәнібековті 8 жылға, Дінмұхаммед Исаевты 7 жылға, "азаптаулар" бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіровті 3 жылға бостандығынан айыруды, оларды 3 жылға дейін құқық қорғау органдарының басшылық қызметінде жұмыс істеуге тыйым салып, Аймешов, Жәнібеков және Исаевты полиция полковнигі шенінен айыруды сұрады.

Айыпталушылар тағылған айыпты мойындамай, өздерін ақтап шығаруды сұрады.

Жәбірленуші тарап соттан "оқиғаға байланысты өз жұмысына немқұрайды қараған" сол кездегі Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы генерал Ералы Жұмаханбетовтің үстінен қылмыстық іс ашу үшін жеке ұйғарым шығаруды сұрады.

- Полиция департаменті ғимаратында адамды азаптап өлтірді. Бұл – ауыр қылмыс,- деді жәбірленуші марқұм Жұмабаевтың ағасы Жанбота Байеке.

Полиция ғимаратында өлтірілген Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталып, "азапталған" Сергей Петров "кешірмеймін, барынша ауыр жаза қолдануды сұраймын" деді.

30 мамыр күні істің сотқа жеткеніне 1 жыл толуына байланысты үш айыпталушы үйқамаққа шықты. Оларды сот белгілеген арнаулы пәтерге жіберді. Бұдан бұрын осы үш полицеймен бірге "азаптаулар" бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіровті қалалық сот үйқамаққа шығарған.

Аймешев пен Жәнібеков – қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасарлары лауазымын, Исаев Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Өткіров полиция департаментінде жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған. 2021 жылғы 27 желтоқсанда қамауға алынған.

Істі сот 2022 жылғы 30 мамырда өндіріске қабылдаған.

Прокурор айыптау актісінде экс-полицейлер "ұрлық" бабымен күдікті болған марқұм Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстау кезінде және қалалық полиция департаментінің қабырғасында 35 минут шамасында қалай азаптағанын айтқан. Ол қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей тергеу жүргізілгеніне тоқталған.

Бұдан бұрын судья айыпталушылар мен олардың қорғаушыларының және туыстарының өтінішімен журналистерге фото, видео, аудио жазуға тыйым салған.

2021 жылы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізіліп, сонда қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленген.

Марқұмның туыстары оны "полиция ұрып өлтірді" деп есептейді. Бұған дейін полиция "жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды" деген. Полиция департаментінің сол кездегі бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге "прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі жарақатының бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты" деген еді. Ал марқұмның мәйітін көрген туыстары денесі қанталап кеткенін айтқан.

Полицейлер Жұмабаевты серігі Сергей Петровпен бірге департамент ғимаратына қаладағы ұрланған бірнеше көлікке қатысы бар күдікті ретінде жеткізген. Петров бұған дейін ақпарат құралдарына Жұмабаев пен өзін полицейлер ұрып-соққанын айтқан.

Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт: "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген. Мұны айыптау актісін оқыған прокурор да растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG