Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Краматорск қаласына ракетамен соққы жасады, деп хабарлады Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак.
Шабуылдың салдарынан кемінде 10 адам қаза болды, 61 адам жараланды, деп жазды полицияға сүйенген Донбасс.Реалии сайты. Украина билігінің мәліметінше, қаза болғандар арасында 2008 жылғы бала бар.
Жараланғандардың бірі – 8 айлық бала. Жарылыс жақын маңдағы сауда орындары, пошта бөлімдері мен автомобильдерін бүлдірген.
Ресей әскерінің Краматорскіні атқылауы кезінде Колумбияның 3 азаматы жараланған. Бұлар: Латын Америкадағы Украинаны қолдау ұйымының негізін қалаушы, колумбиялық депутат Серхио Харамильо, жазушы Эктор Абад және журналист Каталина Гомес. Олардың жанында украин жазушысы Виктория Амелина болған. Ол ауыр жараланып, ауруханада жатыр.
Financial Times тілшісі Кристофер Миллер Twitter-де ракеталардың бірі "Краматорск" қонақүйіне жақын сауда орталығына түскенін жазды. Ғимаратта мейрамхана болған.
Украина бас прокуроры кеңсесінің хабарлауынша, қала алдында хабарланғандай С-300 кешенімен емес, екі "Искандер" ракетасымен атқыланған.
Краматорскіде іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Үйінділер астында тағы адамдар болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР