Accessibility links

Қаржы нарығын реттеу агенттігі АҚШ-тағы сотқа Jusan тобының шағымын кері қайтару жайлы өтініш түсірді


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі АҚШ-тың Невада штатындағы федерациялық округ сотына Jusan тобының шағымын кері қайтару жайлы өтініш түсірген. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі Азаттыққа берген ресми жауабында хабарлады.

Агенттік Азаттыққа жолдаған жауапта Jusan bank-ке иелік етуші компаниялар – Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies пен АҚШ-тың Невада штатында орналасқан Jysan Holding-тің шағымын биыл сәуір айында алғанын, Jusan тобының барлық талабы мен айыптауымен келіспейтінін жеткізген.

АҚШ-тағы барлық федерациялық округ соттарының құжаттарымен электронды түрде танысуға мүмкіндік беретін PACER (Public Access to Court Electronic Records) платформасындағы мәліметке қарағанда, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова, оның орынбасары Олжас Қизатов пен агенттік қызметкері Арман Омарбеков Невада штатының федерациялық округ сотына Jusan тобының шағымын кері қайтару туралы өтінішті 13 сәуірде түсірген.

АҚШ-тағы процедураға сәйкес, жауапкерлер талапкердің талап арызына жауап беріп, оны кері қайтару жайлы өтініш түсірген соң, талапкер де ол өтінішке жауап беріп, шағымын толықтыра алады. PACER-дегі мәліметке қарағанда, талапкер Jusan тобы өз жауабын 5 шілдеге дейін сотқа жолдауы тиіс.

Биыл ақпан айында Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік орган үстінен шағым түсірген. Жауапкерлердің арасында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, осы агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова мен оның орынбасары Олжас Қизатов және агенттік қызметкері Арман Омарбеков бар.

Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығы мен қызметкеріне бірқатар айып тағады. Jusan тобы «қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқа мемлекеттік органдармен бірге Jusan тобының активтерін тартып алып, оны Қазақстан үкіметі және олармен байланысты тұлғаларға беру үшін Jusan тобына қысым көрсетті» дейді. Бұдан бөлек қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jusan банктегі New Generation Foundation қорының (Jusan bank пен Jusan тобына иелік ететін Невада штатындағы эндаумент қор – ред.) шотынан осы қордың АҚШ-тағы есепшотына 4 миллион долларды аударуға тыйым салды, бұл аударымға неліктен тыйым салғанын негіздемеді делінеді.

Бірақ қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып отыр.

«Бұл мәлімдемелер (Jusan тобының шағымындағы – ред.) шындыққа сәйкес келмейді. Агенттік және оның өкілі заңда белгіленген шектеулерді қоспағанда, мәмілелер мен операцияларды жүргізуге шектеу қоймады... Агенттіктің барлық іс-әрекеті заңнамада белгіленген құзыреттер мен өкілеттіктер шегінде ғана жүзеге асырылды», − дейді қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі Азаттыққа берген жауабында.

Ақпан айында бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.

Алматы қаласы Бостандық ауданы сотында прокурордың талап арызы бойынша қаралып жатқан азаматтық іске әзірге нүкте қойылған жоқ. Бостандық ауданы сотының баспасөз қызметі азаматтық істі қарау барысында шығарылған сот ұйғарымдарына жауапкердің жеке шағымы келіп түскендіктен, іс Алматы қалалық сотына апелляциялық сатыда қарауға жолданғанын хабарлады.

Жақында әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп «Jusan тобын Қазақстан юрисдикциясына қайтарғанын, тиісті құжаттарға қол қойылғанын» хабарлады. Алайда министрлік Jusan тобы елге қандай жолмен, қандай келісім негізінде қайтарылғанын ашып айтпады. Азаттықтың бұл туралы ресми сауалына жауап берген министрліктің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің директоры Тұяқбаев бұл келісімшарттың конфиденциалдығын ескере отырып, толық ақпаратты ұсына алмайтынын айтты. Азаттық бұл келісім жайлы Jusan тобына да сұрақтар жолдаған, алайда топ ол сауалдарға әзірге жауап бермеді.

PACER-дегі мәліметке қарағанда, Jusan тобы Невада штатының федерациялық округ сотына үкімет пен мемлекеттік органдар үстінен түсірген шағымды кері қайтарып алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG