Accessibility links

АҚШ "Вагнерге" қатысы бар компаниялар мен тұлғаға тағы санкция салды


"Вагнер" тобы ішкі саяси жағдайына араласуға тырысқан Малидегі сайлау учаскелерінің бірі.
"Вагнер" тобы ішкі саяси жағдайына араласуға тырысқан Малидегі сайлау учаскелерінің бірі.

АҚШ қаржы министрлігіне қарасты шетел активтерін бақылау жөніндегі басқарма "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы және оның иесі Евгений Пригожинге қатысы бар 4 компания және бір жеке тұлғаға санкция салды.

Бұған дейін АҚШ, Еуроодақ, Канада және Ұлыбритания Пригожинге санкция салған.

"Қаржы министрлігінің санкциялары ЧВК "Вагнерді" қаржыландыруға қатысатын негізгі ұйымдар мене тұлғалардың жұмысын қиындатады" деді терроризм және қаржылай барлау мәселелері жөніндегі АҚШ қаржы вице-министрі Брайан Э. Нельсон.

Оның сөзінше, "Вагнер" Орталық Африка республикасы мен Малидің табиғи ресурстарын пайдалану есебінен өздерінің заңсыз операцияларын қаржыландырады. АҚШ "Вагнер" тобының кірісін бақылап, осылайша Африка, Украина және өзге елдердегі озбырлық әрекеттеріне кедергі жасайды, деді министрлік өкілдері.

"Вагнер" тобы қауіпсіздік, тиімді басқару, демократия, өркендеу және адам құқығына қатер төндіретін қылмыс жасап, жергілікті табиғи ресурстарын толассыз пайдаланып жатыр, деп жазылған АҚШ қаржы министрлігінің хабарламасында.

Жаңа санкцияға ілінген компаниялар Орталық Африка республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресейде орналасқан. Олар "Вагнерді" қаржыландыру мақсатында алтынмен байланысты заңсыз келісімшарттарға қатысқан.

Мәселе Орталық Африка республикасында орналасқан Евгений Пригожинмен байланысты Midas Ressources SARLU (Midas) компаниясы жөнінде болып отыр. Ол пайдалы қазба өндіретін кеніштерді жалға алып, бағалы және жартылай бағалы металл, асыл тастар өндіретін кеніштерді игеруге лицензия алған. ОАР-да тіркелген Midas Мадагаскарда тау-кен өндірісімен айналысатын жеке тұлғалармен байланысты.

Бұған қоса, санкцияға ілінген компаниялар арасында ОАР-да шоғырланған алтын мен гауһартас сатып алумен айналысатын Diamville SAU (Diamville), Дубайда орналасқан Industrial Resources General Trading (Industrial Resources) компаниялары бар.

АҚШ санкциясы сонымен бірге Ресей азаматы, ЧВК "Вагнердің" Малидегі өкілдігінде қызмет атқаратын Андрей Николаевич Ивановқа да салынған. 2023 жылы көктемде Иванов Africa Politology ұйымы және Мали үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен тығыз байланыс орнатып, қару-жарақ, тау-кен кәсіпорындары және өзге де салалармен байланысты жобаларға араласқан.

Africa Politology ұйымы кейбір Африка елдерінен құқық қорғау топтарын тықсыру механизмдерін дамытып, Ресей ықпалын арттырумен айналысады. Мысалы, ОАР және Малиде осы ұйымның өкілдері БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіруге талпынып, "Вагнердің" қылмысын әшкерелейтін журналистер мен ақпарат құралдарына сотқа шағым түсірген.

XS
SM
MD
LG