Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 6 адамның апелляциялық шағымдары қарала бастады. Сәуірдің соңында бірінші инстанциядағы сот "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деп айыпталған төрт азамат Ербол Жұманов (16 жыл), Нұрахан Махатов (6 жыл), Жақсылық Абдуллаев (5 жыл) пен Айбол Сағынтайды (5 жыл) түрмеге кескен еді. Қалған 5 адам рақымшылықпен босап шыққан. Босап шыққандардың екеуі апелляциялық шағым түсірген.
Бейсенбі күні 4 сотталушы сот залына әкелінген жоқ. Сотталғандардың қорғаушылары мен жақындары бұған наразылық танытты.
Процесте төрағалық етуші судья Нұрмахаммат Абидов мұны "істе жаңа дәлелдердің пайда болмауымен" түсіндірді. Мемлекеттік айыптаушы да судьяның бұл шешімін қолдап шықты. Ал қорғаушылар келіспеді.
Бұл іс бойынша ең ұзақ мерзімге сотталған Ербол Жұмановтың қорғаушысы Жалғас Сапарханова бірінші инстанциядағы істе Жұмановтың кінәсі дәлелденбегенін айтып, тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін жеткізді. Адвокат басты куәгерлердің бірінен сот залында жауап алынбағанын, істегі бейнежазбалардың тиісті деңгейде сараланбағанын, ғимаратты қорғауға келген әскерилердің барлығынан жауап алынбағанын алға тартты. Бұған қоса, Сапарханова Жұмановтың туыстарымен бірге Тараздағы ҰҚК ғимараты маңында тұратын үйлерді аралап шығып, оқиға кезінде атылған оқтарды жинап алған. Қорғаушы олардың айғақ зат ретінде тіркелуін талап етіп отыр. Жұмановтың заңды өкілі Ержан Жұманов та соттан осы мәселелерге назар аударуды сұрады.
Абақтыда отырған Ербол Жұманов бұған дейін өзіне қол салғаны хабарланған. Қазір оның жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.
Жұмановтан бөлек, өзге сотталушылардың адвокаттары да өздері қорғап отырған азаматтарды сотқа жеткізуді сұрады.
Прокурор сотта бірінші инстанцияда рақымшылықпен босап шыққан екі азаматтың жазасын қатайтып, түрме жазасына ауыстыруды сұрады.
Судья Нұрмахаммат Абидов әріптестерімен кеңесе келе процесте үзіліс жариялап, келесі отырысты 13 шілдеге тағайындады. Адвокаттардың түсірген өтініштеріне жауап та сол кезде берілетін болды.
Тараз соты бұған дейін де Қаңтар оқиғасынан кейін "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айыпталған тоғыз адамның ісін қараған еді. Сот алаңда оқ тиіп қаза болған Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайларды айыпты деп тапқан. Қазір олардың апелляциялық соты жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР