Accessibility links

ISW: Суровикиннің қамалуы Путин "адалдық танытпаған тұлғалардан арылғысы" келетіндігінің белгісі болуы мүмкін


Ресей генералы Сергей Суровикин

Ресей армиясының генералы Сергей Суровикиннің қамалуы бұл Кремль қорғаныс министрлігіндегі "адалдық танытпаған" тұлғалардан "арылғысы" келетіндігінің нышаны болуы мүмкін. Соғысты зерттеу институтының кезекті хабарламасында осындай тұжырым жасалады.

"Ресей билігінің Суровикинді қамағаны рас болып шықса, бұл Кремль "бар кінәні" Суровикин мен оған қатысты тұлғаларға жабу арқылы Ресей әскері мен ішкі қауіпсіздік органдарының бүлік кезіндегі әлсіздігін ақтап алу талпынысынан хабар береді" деп жазады сарапшылар.

Олардың ойынша, Кремль сонымен бірге бүлікті түсіністікпен қарағандарды биліктен кетіруге талпынады. Ресейлік әскери блогерлердің дерегіне сүйенген Соғысты зерттеу институты "Ресей қарулы күштерінің бас штабын күдік бұлты торлады" деп жазды.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігіне жақын дереккөздерге сүйенген The Moscow Times сайты Ресей армиясының генералы Сергей Суровикин қамауға алынғанын хабарлаған. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

"Эхо Москвы" бұрынғы редакторы Алексей Венедиктовтің ақпараты бойынша, генерал Суровикиннің өз отбасымен хабарласпағанына үш күн болған.

Суровикиннің өзі соңғы рет жұрт алдына 23 маусымда шыққан. Ол кезде ол видеомәлімдеме жазып, "ЧВК Вагнер" әскерін райынан қайтаруға шақырған. Қазір оның қайда екені белгісіз.

Америкалық New York Times басылымының жазуынша, Суровикин "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің Ресей қорғаныс министрлігінің басшыларын биліктен тықсыруды көздеген жоспарынан хабардар болған.

XS
SM
MD
LG