Accessibility links

Қазақстан аймақтарында билік белсенділерге Украинаны қолдап, митинг өткізуге рұқсат бермеді


Украинаны қолдау митингісі. Көрнекі сурет.
Украинаны қолдау митингісі. Көрнекі сурет.

Петропавл, Көкшетау және Орал қалаларының әкімдіктері белсенділерге 2 шілдеге жоспарланған Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеді. Белсенділер Ресейдің Украинаны басып кіруіне 500 күн толуына орай соғысқа қарсы митинг өткізбек болған. Бұл жөнінде "БелсенділерЭкстремистЕмес" бақылау тобы хабарлады.

Петропавл әкімдігінің қызметкерлері жергілікті белсенділерге қаладағы Жеңіс саябағында митинг өткізуге рұқсат етпеген. Айтуларынша, 2 шілдеде саябақта "аға буынға арналған ретро дискотека" өтеді. Әкімдік өкілдері іс-шараның алдын-ала келісілгенін айтқан.

Көкшетау әкімдігі де "мәдени-қоғамдық шаралар өтетінін" алға тартып, соған байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеген.

Ал Орал әкімдігі акцияны өткізу туралы хабарламада іс-шара туралы толық ақпарат берілмегенін айтып, белсенділердің митинг өткізу туралы өтініштерін орындамаған.

#БелсенділерЭкстремистЕмес құқық қорғау тобының мәліметінше, Орал, Көкшетау және Петропавл қалаларында белсенділердің 2 шілдеде бейбіт жиын өткізуге 8 өтініші қабылданбаған. Топ 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Қазақстан бойынша Украинаны қолдау мақсатында соғысқа қарсы акция өткізуге 80 өтініш қабылданбағанын айтады.

Құқық қорғаушылар 2020 жылдың 30 шілдесінен қазірге дейін Қазақстан бойынша бейбіт жиын, шеру мен жеке пикет өткізуге кемінде 481 өтініш қабылданбағанын тіркеген, оның ішінде 481 өтініштің 106-сы 2023 жылы тіркелген.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қазақстанда белсенділер соғысқа қарсы митинг өткізуге тырысқан. Алайда билік олардың өтініштерін мақұлдамаған. Елде аталған тақырып бойынша ең ірі және жалғыз митинг 2022 жылы 6 наурызда өтті. Оған бірнеше мың адам қатысты.

XS
SM
MD
LG