Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Семейде Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты айыпталған екі полицейдің соты басталды


2022 жылы Қаңтарда қаза болған Жандос Жотабаев.
2022 жылы Қаңтарда қаза болған Жандос Жотабаев.

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты айыпталған екі полиция қызметкері Әлішер Қанақынов пен Ерсұлтан Ағзамовтың соты басталды.

Полиция қызметкерлеріне "Азаптау" (146-бап) бойынша айып тағылған. Сотқа Жандос Жотабаевтың әкесі Тұрсынғали Жотабаев пен адвокаты да қатысып жатыр.

Айыптау тарабы тергеу органдарына сұрақ болғандықтан істі сотқа беру әлі ерте деп санайды. Судья өтінішті кері қайтарды.

Прокурор сотқа куәгерлер шақыру туралы өтініш түсірді. Айтуынша, олар қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеген.

Іс сотқа 26 мамырда түскен. Бұған дейін сот отырысы түрлі себеппен бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. 29 мамырда бір күн ішінде істі қарау мерзімі үш рет ауыстырылды. Ақыры алғашқы процесс 15:40-та басталды.

36 жастағы Жандос Жотабаев былтыр 6 қаңтарда "бейбіт митингіге қатысқаны үшін" ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болған Жотабаев екі күннен кейін уақытша қамау изоляторына ауыстырылған. 17 қаңтарда изолятор қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлаған. Жандос Жотабаевтың бауыры 2022 жылы ақпанда зерттеу кезінде марқұмның өкпесінен сұйықтық табылғанын, мұндай жағдай қатты соққыға жығылған адамда болатынын айтқан. Бауырының айтуынша, оның 11 қабырғасы сынған. Марқұмды скотчпен матаған, медициналық көмек бермеген.

Айыпталған полиция қызметкерлері "басшылық рұқсат етпеді" деп комментарий беруден бас тартты.

21 маусымда Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты бөлек істе уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекова бір жылға шартты түрде сотталған.

  • 16 маусымда Қаңтар кезінде қаза болған Семей тұрғыны Елдос Қалиевтің өліміне қатысты іс бойынша екі полиция қызметкеріне үкім шыққан. Қалиев те уақытша қамау изоляторында азаптаудан кейін қайтыс болған. Екі полиция қызметкері "немқұрайлық" бойынша кінәлі танылып, бостандықтары үш жылға шектелді.
XS
SM
MD
LG