Accessibility links

Атырау облысында өрт сөндірушілер жалақыны өсіруді талап еткеннен кейін жұмыссыз қалғанын айтты


Атырау облыстық еңбек инспекциясына арыз жазуға келген өрт сөндірушілер. 29 маусым 2023 жыл.
Атырау облыстық еңбек инспекциясына арыз жазуға келген өрт сөндірушілер. 29 маусым 2023 жыл.

Атырау облысы Мақат ауданындағы «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «GR World» мекемесінің өрт сөндірушілері "жалақыны өсіруді талап еткені үшін" өздерін жұмыстан босатқанын хабарлады. Олар жұмыссыз қалғандарын 29 маусым күні таңертең жұмысқа шыққанда білген. Сол күні бір топ наразы жұмысшы Атырау қаласына келіп, еңбек инспекциясына жұмыстан заңсыз шығарылғаны жөнінде шағым түсірді.

Жұмысшылар жұмыс берушіден жалақыны 50 пайызға көтеруді талап еткен. Олардың алатын жалақысы - 80-85 мың теңге. Мұның өзіне олар былтыр қаңтарда да жалақыны көтеруді талап еткен соң қол жеткізген. Бұған дейін өрт сөндірушілер бірнеше жыл бойы 60-65 мың теңге көлемінде жалақы алып келген. Былтыр қаңтарда жалақыны 120 мың теңгеге көбейтуді сұраған. Бірақ сол кездегі басшылары жалақыны тек 30 пайызға өсірген.

Ол кезде өрт сөндірушілер «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «БатысСервисПлюс» мекемесінде жұмыс істеді. Бұл мекеменің келісімшартының мерзімі аяқталған соң орнына жаңа мердігер мекеме - «GR World» ЖШС келді. Мекеме өрт сөндірушілерді жұмысқа 1 маусым күні қабылдаған. Өрт сөндірушілер қолдарында қазір “жұмысқа алу туралы” бұйрықтан басқа құжат жоқ.

Олар жаңа жұмыс беруші ұсынған еңбек келісімшартына жалақы көлемі еш өзгеріссіз, 85 мың теңге деп тұрғасын оған қол қоюдан бас тартқан.

Көп жыл өрт сөндіру саласында қызмет етіп келе жатқан Сәлімбай Жұбанғалиев 29 маусымда таңертең жұмысқа барғанда басшылар олардың бәріне “боссыңдар” деп жұмысқа кіргізбей, орындарына басқа адамдарды жұмысқа алғанын айтады. Ол да әріптестерімен бірге өздерін жұмыстан заңсыз шығарып отыр деп санайды.

Өрт сөндірушілер орындарына келген жаңа жұмысшылардың тәжірибесі жоқтығын айтып, “газ линияларынан өрт шығып, жарылыс болса, бүкіл Мақат зардап шегеді” деп уайымдайды.

- Біз еңбек жағдайының нашарлығын айтып, еңбек қауіпсіздігін неге ескермейді деп жатқанымыз жоқ. Бар болғаны еңбекақымызды талап етіп отырмыз. 85 мың теңгеге алты баласы бар ер адам отбасын қалай асырайды? Мысалы менің алты балам бар. Мереке, түнгі ауысым күндері төленуге тиіс ақша төленбейді бізге. Жыл сайын тендер өтіп, мердігер мекемелер жылда ауысады. Осыған байланысты бізге еңбек демалысын да бермейді. Еңбек демалысының ақысын да ала алмай жүрміз, - дейді Сәлімбай Жұбанғалиев.

Тағы бір наразы өрт сөндіруші Абылай Досжанов Абай облысындағы орман өртінен кейін билік өкілдерінің "өрт сөндірушілердің айлығын кемінде 75 пайызға өсіру керек" деген сөзін келтірді.

- Біз сол мәселе бойынша талап қойдық. Келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Жұмыс беруші тарапы бізде ақша жоқ дейді. Тапсырыс беруші беріп жатқан ақша осы, бізге ақшаны көтере алмаймыз дейді. Олар өрт сөндіру техникаларын, қосалқы бөлшектерді, киім-кешек аламыз дейді. Біздер оларға тендер ұтқаннан кейін өрт сөндіру техникаларыңыз талапқа сай болуы керек қой бәрі дейміз. Біздің оған қандай қатысымыз бар? - дейді 2012 жылдан бері өрт сөндіру саласында жұмыс істеп келе жатқан ол.

Бұдан соң Мақаттан қалаға келген наразы өрт сөндірушілер облыстық еңбек инспекциясына арыз жазуға барды. Облыстық еңбек инспекциясының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Кемел Иманғалиев өрт сөндірушілердің арызын жедел түрде қарап беруге тырысатынын айтты. Ол “жұмысшылармен арада келісімшарт жасалмағанына қарамастан 1 маусымнан бері жұмысқа қалай жіберілгенін, маусым жалақысының төленуін де қадағалайтынын да жеткізді.

Азаттық тілшісінің және өрт сөндірушілердің көзінше мердігер мекеме директорының орынбасары Самат Мұртазинге ұялы байланыс арқылы хабарласты. Телефон тұтқасының ар жағындағы дауыс келісімшартты ұсынғанмен жұмысшылар қол қоймай қойғанын айтып жатты.

Азаттық тілшісі кеңсесі Астанада орналасқан «GR World» ЖШС директоры Азат Ағатаевқа хабарластық. Ағатаевтың сөзінше, осы уақытқа дейін мекеме қарамағында 102 адам жұмыс істеп келсе, қазір 85 адам қызметте. Ол талап қоюшылар өздеріне қоқан-лоқы көрсетіп келеді деп шағымданды.

- Біз тендер ұтқан соң оларға жұмыс ұсынғанда олар еңбек жағдайына да, жалақыға да келісіп, жұмысқа қабылдау туралы арыз жазған соң оларды алдық. Кейін оларға үш рет еңбек келісімшартын ұсынғанда, олар оған қол қоюдан бас тартты. Біз оларға жалақы туралы алдын ала ештеңе уәде берген жоқпыз. Олар 27 маусымда біздің көзімізше әлеуметтік маңызы бар нысанды тастап, заттарын жинап кетіп қалды. Мен қалай олармен бұдан кейін қалай жұмыс істеймін? Олар айына жеті күн жұмыс істейді. Бір күн жұмыс істеп, үш күн демалады. Соған қарамастан жалақы көтер деп қоқан-лоқы жасайды. Тіпті бізді “орнымызға алған адамға жұмыс істетпейміз” деп қорқытқысы келеді. Басқа аудандардағы бөлімшелерді де көтерілейік деп үгіттеп, WhatsApp-тан чат ашқан. Маған әкімдік, прокуратурадан, барлық жерден хабарласты. Мен тапсырыс берушіден жалақы көтер деп сұрап ем, бас тартты. Оларды ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Келісімшарт болса, шығарып жіберер ем. Қазір олардың орнына 12 жергілікті тұрғынды алдым. Талап қоюшылар менің кіммен келісімшарт жасайтыныма, қандай техника керектігіне бас қатырмау керек. Ал олардың бір айдың жалақысын есептеп төлеп беремін, - деді Азат Ағатаев.

Мердігер мекеменің Мақаттан бөлек Атырау облысында Атырау қаласында, Құлсары қаласы, Индер, Құрманғазы, Исатай аудандарында да өрт сөндіру бөлімшелері бар. Ол «ИнтергазОрталық Азия» акционерлік қоғамының мердігері.

Әр бөлімшеде 17 адам еңбек етеді. Бір ауысымға жүргізуші, басшы және екі өрт сөндірушіден тұратын топ шығады. Олар бір күн жұмыс істеп, үш күн демалады.

«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы 1997 жылы шілде айында құрылған. Ол «ҚазТрансГаз» компаниясы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторының құрамындағы мекеме.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG