Accessibility links

"Қылмыс әлемінің өкілдері бас көтеріп, саяси талап қоюға тырысты". Тоқаев көрші елдегі оқиғаны меңзеді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полицияның жұмысына арналған жиында. Астана, 30 маусым 2023 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полицияның жұмысына арналған жиында. Астана, 30 маусым 2023 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 маусымда ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Қазақстанның төңірегінде болып жатқан "аса қауіпті оқиғаларды" меңзеп, "ұйымдасқан қылмыс мемлекет пен қоғам үшін зор қауіп төндіретінін" айтты. Оның сөзін Ақорда сайты жариялады.

"Төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті" деді Қазақстан президенті.

"Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті" деді Тоқаев.

Президент "ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ" деді. Ізінше Абайдың "Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты" деген сөзін келтірді.

Ол өз сөзінде ешқандай мемлекет я ұйымды немесе қандай да бір тұлғалардың аты-жөнін атамады.

Қазақстанмен жеті жарым мың шақырымға созылған шекарасы бар Ресей Федерациясында өткен аптаның аяғына қарай Евгений Пригожин басқаратын "Вагнер" жеке меншік әскери тобы "қарулы бүлікке талпыныс" жасағаны туралы хабар тараған. Тоқаев сол кезде ол оқиғаны "Ресейдің ішкі мәселесі" деп атаған. Ізінше ол Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізіп, ведомство басшыларына "дағдарыс жағдайындағы ықтимал қауіп-қатерге қарсы әрекет етуге дайын болуды" тапсырған.

Бінеше айдан бері Ресей қорғаныс министрлігінің басшыларын сынап-мінеп жүрген "Вагнер" жетекшісі Пригожин 24 маусымда Мәскеуге "әділет жорығына" аттанғанын мәлімдеген. Ресей астанасына жүздеген шақырым қалғанда Пригожин кері қайтуға шешім қабылдаған деген ақпарат тарады. Онда Пригожиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, "Вагнер" басшысы Беларуське кетіп қалғаны айтылды.

Осы аптада The Wall Street Journal "Кремль "Вагнердің" Африка мен Таяу Шығыстағы жасағын бақылауына алуға ұмтылатынын" жазған. Ресей қарулы күштері басшылығында лауазымды қызмет атқаратын генерал Сергей Суровикин "Пригожиннің жоспарын қолдаған болуы мүмкін" деген күдікпен қамалған деген хабар тарады, алайда Ресей билігі ол туралы ештеңе айтпай отыр.

"Вагнер" – Ресей президенті Владимир Путинге жақын тұлға делінетін Евгений Пригожинге тиесілі жеке әскери топ. Оның құрамындағы жалдамалы жауынгерлер Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғысқа қатысып жатыр. Сарапшылар "Вагнер" тобының көп әрекетін әскери қылмысқа жатқызады. Пригожин өзі басқаратын қарулы топқа Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды да тартқан. Бұған дейін оған Еуроодақ санкция салған. АҚШ "Вагнерді" трансұлттық қылмыстық топ деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG