Accessibility links

Әскери сотта прокурор: Қаңтар кезінде Алматыдағы алаңға Талдықорғаннан қаруланған 200 жауынгер қаруланып келген


Алматы гарнизоны әскери сотында былтыр Қаңтар кезінде оққа ұшқан Елнар Қансейіттің (ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы) өліміне қатысты қылмыстық істе прокурор айыпталушыға жаза сұрады деп хабарлады журналист Күлтегін Аспан Facebook парақшасында. Прокурор жауынгер Серікбол Мұратханға 7 жыл түрме жазасын тағайындауды және аға сержант шенінен айыруды сұрады. Ал Серікбол Мұратхан соңғы сөзінде қару атпағанын, жазықсыз екенін тағы қайталаған.

Сотта прокурор былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер 158 мың оқ, 200 автоматпен қаруланып келгенін айтқан.

"45 том қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 6 қаңтарда құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды қызметкерлерінің бұйрығымен Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер жеткізілген. 6 қаңтарда кешкісін Сәтпаев-Фурманов көшелерінің қиылысында осы жауынгерлердің бірі Елнар Қансейіт айдаған көлікке оқ жаудырып, атып өлтірген" деп жазды іс материалдарына сүйенген журналист.

Осы іс бойынша күдікті танылған аталған әскери бөлімнің аға сержанты 33 жастағы Серікбол Мұратханға "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған. Ақпаратқа қарағанда, ол 21 қазаннан бері тергеу изоляторында отыр.

Құқық қорғаушы Ринат Рафкаттың айтуынша, 30 маусымдағы сот процесі кезінде лингвист маман, филолог Таусоғарова сот залында жауап берген. Істе жалпы 40 шақты куәгер сұралған. Іске негіз болған видео материал талқыланған.

Бұған дейін сотта жауап берген әскери қызметкерлердің бірі 2022 жылы 6 қаңтарда Алматыдағы алаңға барғанда "өздеріне оқ жаудырғанын, сол себепті әуеге оқ атуға мәжбүр болғанын" айтқан. Соттағы сұрақ-жауаптарды құқық қорғаушылар жариялап келеді. Сондай хаттамалардың біріне сүйенсек, сотта Қаңтар кезінде әскери қызметкерлердің "қателесіп, бір-бірін ата бастағаны" жазылған.

Іс бойынша сот үкімі 4 шілде сағат 15.00-де оқылады.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Олардың көбі 2022 жылы 6 қаңтарда Алматының Республика алаңында әскерилер оғынан өлген деп айтылады. Марқұмдардың туыстары олардың өлімі әлі ашылмағанын айтқан.

Құқық қорғаушылар құжаттау барысында 5 қаңтарда 80 адам, 6 қаңтарда 72 және 7 қаңтарда 65 адам қаза тапқанын анықтаған. Алматыда 103, Талдықорғанда алты, Шымкентте 29, Атырауда бір, Өскеменде үш, Қызылордада 20, Таразда 15 адам көз жұмған. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Израиль және Ресей елдерінің алты азаматы да осы оқиғалар барысында қаза тапқаны тіркелген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар биліктен бірнеше рет шетелдік сарапшылардың қатысуымен Қаңтар қырғынын жан-жақты зерттеуді сұраған. Ақорда бұл ұсынысты қабылдамады. Қайғылы оқиғадан бір жыл өткеннен кейін Human Rights Watch "билік Қаңтар оқиғасы кезінде атылған азаматтардың қазасы мен адам құқықтарының бұзылуы фактілеріне қатысты дұрыс тергеу жүргізуге құлықсыз болды не қабілеті жетпеді" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG