"Астана күні отшашу болмайтыны Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасына қазіргі көзқараспен байланысты ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Астана әкімі Жеңіс Қасымбек "ешқандай қатысы жоқ" деді.
"Биыл отшашу жоспарлаған жоқпыз. Сіз айтқан жайтқа еш қатысы жоқ. Қала қауымдастығы сұраған жоқ, сол себепті [отшашу] болмайды" деді Қасымбек.
29 маусымда Астана әкімдігі 6 шілде қала күнінде мерекеге орай отшашу болмайтынын хабарлаған. Ал Астанада сол күні 100-ден астам шара өтеді. Әкімдіктің айтуынша, шамамен 90-ы тегін.
Астананың 25 жылдығына арналған шаралар арасында жазушылармен кездесу, түрлі концерттер, қойылымдар, түрлі мазмұндағы фестивальдар бар.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен "сәйкес" келетін Астана күнінде кейінгі кезде отшашу болмай жүр.
2020 жылы 6 шілдеде елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта Астана әкімдігі отшашу жасап, қоғам наразылығын туғызған. Сол кезде жұрт жүздеген адамның өмірін қиған індет кезінде отшашу жасау дұрыс емес екенін айтқан. Ал әкімдік өкілдері "коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің көңіл-күйін көтергісі келгендіктерін" айтқан.