Украина соғысты аяқтау жоспарын АҚШ орталық барлау қызметінің (ЦРУ) жетекшісі Уильям Бернске Киевке барғанында айтқан. Бұл жөнінде Бернстің сапарынан хабары бар Украина және АҚШ шенеуніктеріне сүйенген Washington Post басылымы жазды.
Бернс Киевке маусымда барған. Ол онда Украина президенті Владимир Зеленский және Украина барлау қызметінің жетекшілерімен кездескен. Әскери стратегтер Бернске Украина күзге қарай Ресей басып алған аумақтың едәуір бөлігін қайтарып, аннексияланған Қырымға артиллерия мен ракета жүйесін апарып, сосын Мәскеумен келіссөзге баруды жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл жөнінде WP-ға жоспардан хабары бар үш адам айтқан.
Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асса, Украина әскері мен қуатты қаруларын Қырыммен шекарада орналастырып, осылайша Қырымды "кепілге алып", Ресейге қысым жасау тетігіне ие болады деп жазды WP. Осыдан соң түбекті күштеп алмауға келіскен Киев Ресейден қауіпсіздікке кепілдіктің кез келген түрін талап етпек, дейді украин шенеуніктері.
"Ресей қатерді сезінсе, келіссөзге барады" деді WP басылымына украин шенеуніктерінің бір.і
WP жазуынша, Бернс Киевке ЧВК "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің бүлігіне дейін барған. Оқиғадан кейін Бернс Ресей барлау қызметінің жетекшісі Сергей Нарышкинге хабарласып, АҚШ-тың бүлікке қатысы жоғын айтқан. Бұған дейін осындай мәлімдемені АҚШ президенті Джо Байден де жасаған.