Accessibility links

Францияда тәртіпсіздік кезінде бір түнде 1000-ға жуық адам ұсталды


Франциядағы тәртіпсіздік.
Франциядағы тәртіпсіздік.

Францияда жасөспірім полицей қолынан қаза болғаннан кейін басталған тәртіпсіздіктің жалғасып жатқанына төрт күн болды. Демонстранттар арасында жастар көп, деді Франция ішкі істер министрі Жеральд Дарманен.

Министрліктің есебіне сәйкес, бір түнде 994 наразы адам ұсталған, жолда 2500-ден астам өрт болған. Тәртіпсіздікпен күреске 45 мың полицей жұмылдырылған, арасында арнайы жасақ та бар. 79-ы жарақат алған.

Соған қарамастан министрлік наразылық алдыңғы күнге қарағанда бәсеңдегенін айтты. Сенбіге қараған түні Парижде алдыңғы күнге қарағанда жағдай сәл тыныштау болған, алайда Марсель мен Лионда тәртіпсіздік кезінде дүкендер тоналып, ғимараттар мен көліктер өртелген. Дарманен қалаларда өртеу мен тонауға жол беруге болмайтынын айтты.

Марсельде қару-жарақ дүкенінен өзге заттармен қатар оқсыз бірнеше винтовка ұрланған. Лионда демонстранттар полицейлерді фейерверктермен атқан. Тәртіпсіздікті басу үшін полиция бронетранспортер мен тікұшақ қолданылған.

Францияда наразылық Париж маңындағы елді мекендердің бірінде полиция қызметкері тегі Алжир және Мароккомен байланысты 17 жастағы Нахель М.-ді атқаннан кейін басталған. Оның өлімі жайлы видео интернетте тарап, француз полициясын озбырлық және нәсілшілдігі үшін айыптағандар көбейді.

Нахельге оқ атқан 38 жастағы полицей қамалды. Оған "қасақана адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылды. Франция президенті Эммануэль Макрон адам өлтіруді "кешіруге және ақтауға болмайтын" әрекет деп атаған. Ол "әділдік жеңуі үшін" жұртты сабырға шақырып, күш қолдануды тоқтатуға үндеген.

XS
SM
MD
LG