Accessibility links

Қазақстанның бірқатар қалаларында ондаған адам белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, жүгірді


Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев.

1 шілдеде Алматы, Астана және Қазақстанның өзге қалаларында ондаған адам марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, жүгірді. 25 мамырда Астана соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілінген белсендіні екі айға қамаған. Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Алматыда белсенділер орталық стадион маңында жүгірді. Интернетте жарияланған видеода Жыланбаевтың суреті мен белсендіні босату туралы талап жазылған футболка киген белсенділердің жүгіріп жүргені көрінеді. Астанада ондаған адам Есіл жағалауында жүгірген. Олар "Марат Жыланбаевқа бостандық!" деп айқайлады.

Осыған ұқсас акциялар Қостанай, Шымкент, Өскемен, Зайсан қалаларында өткен.

Танымал марафоншы, билік сыншысы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік оны "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, оған әкімшілік іс қозғады. Ақыры оны кандидаттар қатарынан алып тасталды.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жыланбаев Қаңтар оқиғасын тергеуді, қантөгістен зарзап шеккендерге өтемақы төлеуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты тергеу жүргізуге шақырған.

Мамырдың басында Астана полициясы Жыланбаевты Батыс елдерінің өкілдіктері алдында бейбіт митинг өткізгені үшін 20 тәулікке қамады. Акцияға қатысушылар "Путинге көмектескені үшін" Қазақстан билігіне санкция салуға үндеген. 23 мамырда қамау мерзімі аяқталған кезде Жыланбаев изолятордан шықпады. Кейін оны экстремизммен күрес басқармасына әкеткені, үйінде тінту жүргені хабарланды. Екі күннен соң Астана соты қылмыстық тергеуге байланысты Жыланбаевты қамады.

60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген. Ол биыл қыста Павлодар облысындағы жылу дағдарысы кезінде жақтастарымен бірге Екібастұз тұрғындарын қолдаған.

Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушылар, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған. 1 шілдеде қазақстандық құқық қорғаушылардың оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG