Accessibility links

Украина қазақстандық екі компанияға санкция салды


Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлға және 291 заңды тұлғаға санкция салды. Жеке тұлғалардың басым бөлігі Ресей азаматтары. Ал заңды тұлғалар арасында қазақстандық екі компания бар: "ИТС-Астана" және "Tynys". Бұл компанияларға салынған санкция 5 жыл күшінде болады.

Санкция аталған компаниялардың Украина аумағындағы қаржысын бұғаттауды да қарастырады.

"Tynys" компаниясы бұрын "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының құрамында болған. Былтыр ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жергілікті БАҚ 2012 жылдан бастап "Тыныс" АҚ Қазақстан қорғаныс министрлігі мен ұлттық гвардия, пенитенциар жүйесіне арнап беренді киім, резеңке таяқ, қалқан сияқты қорғаныш құралдарын жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырысты орындап жүргенін жазған. Сол кезде Көкшетауда өндірілетін арнайы қорғаныш киімдерін Ресей мен Беларусь күштің құрылымдары да сатып алатыны айтылған еді. "Қазақстан инжиниринг" компаниясы "Тыныс" беренді киім, әскери техника не қару-жарақты экспортқа шығарған жоқ дейді.

Былтыр желтоқсанда "Қазақстан инжиниринг" зауытты сатылымға қойғанын хабарлаған. Бастапқы бағасы 5,4 млрд теңге (қазіргі доллар бағамы бойынша шамамен 11 млн доллар) екені айтылған. "Қазақстан инжиниринг" өкілдері қазіргі кезде аталған кәсіпорын әскер саласына қатысы жоғын айтқан. Кәсіпорынның негізгі қызметі азаматтық өнімдер шығару екені көрсетілген.

"Қазақстан инжинирингтің" мәліметінше, "Тыныс" акционерлік қоғамының 100 пайыз акциясын 2023 жылғы мамырда Қазақстан азаматы Жұмабай Әміржанов сатып алған.

Компания бұған дейін өзінің ресми сайтында "Тыныс" бұл "бұрын Ресейдегі бірқатар конструкторлық бюролар әзірлеген авиациялық өнімнің 62 түрін шығаратын жалғыз кәсіпорын" деп жазған. 2005 жылы кәсіпорын Қазақстан үкіметінің "Сапа саласындағы жетістіктері үшін" сыйлығымен марапатталған. Кәсіпорын шығаратын негізгі өнім түрлері арасында "авиациялық технологияны (жылытқыштар, желдеткіштер, өрт сөндіргіштер) және авиациялық автоматика жабдықтары (реле, датчиктер, клапандар) үшін өте маңызды тетіктер" бар. Бұған қоса, азаматтық және әскери ұшақтар мен AN, IL, TU, YAK, SU, MIG, MI, Ansat маркалы тікұшақтарға арналған авиациялық өнімдер шығарады деп көрсетілген.

Санкция тізімнде сонымен бірге 2013 жылы тіркелген дәнекерлеу жабдықтарын сатумен айналысатын "ИТС-Астана" компаниясы да бар.

Тізімге грузиннің Georgian Airways әуе компаниясы да ілінген. "Настоящее время" арнасының хабарлауынша, әуе компаниясына шектеу Ресейге рейстер ұша бастағаннан кейін енгізілген. Санкция әуе компаниясының жетекшісі Тамаз Гаиашвилиге де салынған.

10 мамырда Ресей президенті Владимир Путин Грузия азаматтарына арналған виза режимінің күшін жойып, Ресей мен Грузия арасында тіке ұшатын авиарейстерге қойылған тыйымды алып тастаған. Путиннің жарлығының ізінше Ресей сыртқы істер министрлігі де 2019 жылы 21 маусымда күшіне енгізілген Грузияға сапарламау туралы Ресей азаматтарына арналған кеңесті жойды.

*ТҮЗЕТІЛДІ: "Самұрық - Қазына" қорына "Қазақстан инжиниринг" компаниясының қатысы жоқ және бұл компания толықтай Қазақстан Республикасының меншігінде. Алғашқы мәтінде компанияға "Самұрық - Қазына" қоры иелік етеді деп көрсетілген болатын.

XS
SM
MD
LG