Accessibility links

Зыгарь: Путин Пригожин "бүлік шығарған күні" Петербургте Ковальчуктың яхтасында болған


Ресей президенті Владимир Путин 24 маусым кешке - ЧВК "Вагнер" мен Евгений Пригожин бүлік жасаған күні – Санкт-Петербургте "Алые паруса" түлектерінің фестивалінде болған. Журналист Михаил Зыгарь The New York Times-дағы мақаласында осылай деп жазды. Путиннің айналасындағы адамдарға сүйенген журналист президент мереке кезінде кәсіпкер досы Юрий Ковальчуктың Невадағы яхтасында болғанын айтады.

"Ешнәрсе де, тіпті қарулы бүлік те оны сүйікті кешінен айыра алмайды" деп жазды Зыгарь. Оның айтуынша, Путин ешқашан жеке думан-кештерін өткізіп алған емес. (Әсіресе бұл "Алые паруса" сияқты Петербургтегі танымал фестивальға қатысты – М.З.).

Мереке Евгений Пригожиннің Мәскеуге қарулы жорығын тоқтататыны белгілі болғаннан кейін басталған. Алайда Путин Петербургке бүлік аяқталғанға дейін келуі тиіс болған. Зыгарьдың дереккөздерінің айтуынша, оның Петербургке баруы – "президенттің шын мәнінде елде не болып жатқандығынан хабарсыз екендігін" көрсетеді.

Бүлік күні Мәскеуде қоғамдық шараларға тыйым салынып, контртеррористік операция режимі енгізілген. Ал Петербургте шараларға тыйым салынған жоқ. "Алые паруса" фестивалі жоспарға сай өткен.

Кремльдің өкілі Дмитрий Песков сол күні Путин Мәскеуден ұшып кетті деген ақпаратты терістеген.

Зыгарьдың жазуынша, Путин бүлік елдің саяси жағдайына әсер етпеді деп ойлайды. Алайда журналист сөйлескен дереккөздер шын мәнінде олай емес екенін, Путин жүйесіне қауіп төнгенін айтқан.

24 маусымда бірқатар ақпарат құралдары Путин мініп жүрген "Ресей" ұшу отрядының екі ұшағы Мәскеуден Тверь облысына қарай ұшып шығып, кейін транспондерін өшіргенін хабарлаған. Олар Путиннің Валдайдағы резиденциясына жақын Хотилово әуежайына немесе Санкт-Петербургке қонған болуы мүмкін. Бүлік аяқталған соң ұшақтар Мәскеуге оралды. Путин екі ұшақтың бірінде болды деген ақпаратқа әзірге дәлел жоқ.

Бүлікке қатысты көп ақпараттың жай-жапсары белгісіз. Пригожиннің өзі бүліктің мақсаты Путинді тақтан тайдыру болмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG