Accessibility links

Маляр: Украина әскері өткен аптада елдің оңтүстігінде 28 шаршы шақырым жерді босатты


Украина әскері Бахмут маңында шабуыл жасап жатыр. 2 шілде 2023 жыл.
Украина әскері Бахмут маңында шабуыл жасап жатыр. 2 шілде 2023 жыл.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр "өткен аптада Украина қарулы күштері елдің шығысында 9 шаршы шақырым аумақты босатқанын" айтады. Оның сөзінше, Украина әскері Бахмут бағытында, ал Ресей Лиман, Авдеевка, Марьинка бағытында шабуылға шығып жатыр.

Маляр Украина әскері елдің оңтүстігінде Мелитополь және Бердянск бағытынша шабуылын жалғастырып жатқанын, өткен аптада оңтүстікте 28,4 шаршы шақырым аумақты босатқанын да мәлімдеді.

Ал Ресей тарабы Донецк аумағындағы Баахмут, Лиман, Марьинка және Авдеевка аумағында кескілескен шайқас болып жатқанын хабарлады.

Соғыс уақытында қақтығысып жатқан тараптардың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Украина әскері маусымның басында қарсы шабуылды бастаған. Бірнеше апта ішінде олар шамамен 10 елді мекенді азат еткен, бірақ Ресей әскері де қорғанысқа жақсы дайындалғаны айтылады. Кейбір халықаралық басылымдар Украинаның қарымта шабуылы баяу жүріп жатқанын жазған. Кейбір сарапшылар Украина қарымта шабуылға негізгі күшін қосқан жоқ деп те айтады.

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Валерий Залужный Washington Post басылымына берген сұхбатында Батыс елдерінде кейде айтылатын "украин армиясы баяу жылжып жатыр" деген тәрізді пікірлерден мезі болғанын айтқан.

Залужныйдың сөзінше, Украина армиясы әуе шабуылында басымдыққа ие болмаса да, бірқатар тиісті қаруларының жоқтығына қарамастан шабуылдап жатыр. Генералдың айтуынша, Украина әскері "тіпті 500 метр болсын, күн сайын алға жылжып келеді".

"Бұл – ұтыс тігіп, бүкіл әлем бақылап отыратын қойылым емес. Күн сайын әрбір метр үшін қан төгіледі" деген еді Залужный.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG