Бүгін, 3 шілдеде Атыраудың көптеген шағын аудандарында электр жарығы өшіп, ауыз су тоқтады. Қазіргі мәлімет бойынша, бұған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат себеп болған.
Артынша "Атырау мұнай өңдеу зауытының" бір мұнарасынан шыққан өрт қою қара түтінге ұласып, ауаға тараған. Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі электр энергиясының қуатының азаюынан өрт шықты деп хабарлады.
"KEGOC" тарапынан электр энергиясының өшірілуі салдарынан зауыт жұмысын тоқтатты" дейді зауыттың баспасөз қызметі.
МАЭК Маңғыстау облысын ғана емес, Батыс Қазақстан мен Атырау облысын да ішінара электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Комбинаттағы апаттан Атырау облысы Жылыой ауданында да ішінара жарық сөнгені айтылады.
"Атырау-Жарық" мекемесінің баспасөз қызметі Атырау қаласының сол жағында толығымен және оң жағындағы Балауса, Ракуш, Лесхоз, Авангард және Нұрсая, Жерұйық сияқты шағын аудандарда апатқа байланысты уақытша электр жарығы болмайтынын мәлімдеді.
Қалада кейбір аудандарда жарық берілгенімен бір өшіп, бір жанып жатқаны айтылады.
"Атырау мұнай өңдеу зауытының" баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, апаттан қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Энергетика министрлігі электр қуаты жоқтығына байланысты "Атырау мұнай өңдеу зауытында" апатқа жол бермеу үшін жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Ведомство Шымкент қаласы мен Павлодар облысындағы мұнай өңдеу зауыттары жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеп, "Атырау мұнай өңдеу зауытындағы" апат елдегі жанар-жағармай жағдайына әсер етпейді дейді.
ПІКІРЛЕР