Accessibility links

Астананың 25 жылдығына арналған форумда Назарбаев есімін Тоқаев атап, Астана әкімі айтпай кетті


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен экономикалық форумға келген сәті. Астана, 16 мамыр 2019 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен экономикалық форумға келген сәті. Астана, 16 мамыр 2019 жыл

Бүгін, 5 шілдеде Астананың 25 жылдығына орай басталған мерейтой-форумда сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана салудағы еңбегін қысқаша атап өтті.

- Елорданы көшіру оңай болған жоқ. Қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарық қатынастарына толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы кеңес тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астана әкімдігі форумды "Астананың 25 жылдығы. Жаңа перспективалар. Жаңа мүмкіндіктер" деген атаумен ұйымдастырып, оған "бауырлас қалалалардың мерейтой -форумы" деген ат қойған. Оған ТМД елдері мен өзге де шетелдің 17 қаласының басшысы шақырылған.

Алайда форумға қатысушылардың ішінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көрінбеді. "Форумға Назарбаев неге шақырылмаған" деген журналистер сауалына Астана қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дәурен Бабамұратов "Назарбаевтың неге шақырылмағанын білмеймін" деп жауап берді.

Тоқаевтан бұрын сөйлеген, яғни форумды салтанатты түрде ашып, Астана тарихын баяндаған қала әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөні аталмағаны байқалған еді.

- Алғаш рет 20 ғасырдың соңында қаланып, ғасырлар тоғысындағы шекарадан өтіп, біздің Астанамыз әлемдік танымалдыққа ие болды және бүгінде дамыған экономикасы мен инфрақұрылымы бар заманауи мегаполиске айналды. Бүгінгі таңда біздің елордамыз – экономикалық өсу мен дамудың қаласы ғана емес, сонымен қатар тәуелсіз, күшті және сенімді дамып келе жатқан мемлекеттің бейнесі,- деді Жеңіс Қасымбек.

Жеңіс Қасымбек - Нрсұлтан Назарбаевтың жанында көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Махмұд Қасымбектің ұлы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрғанда 6 шілде - Астана күні әрі Назарбаевтың туған күні ретінде республикадағы елеулі мерекенің бірі ретінде аталып келді. Билік өкілдері мен билік төңірегіндегі танымал тұлғалар Астана Назарбаевтың "батыл ойының нақты жемісі" екенін ұдайы дәріптеді.

2015 жылы 4 шілдеде, Астана күні қарсаңында парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев "Казахстанская правда" басылымында жарияланған "Титан" атты мақаласында "Жаратушы мұндай стратегтік қабілетті барлық саясаткерге және әрбір мемлекет басшысына бермеген. Қазіргі әлемде мұндай қабілетке ие сирек адамның бірі – біздің президент. Қазір шынайы стратегиялық ойлау қабілетіне ие жетекшілердің тапшы екені өкінішті" деп жазған еді.

Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімді 1994 жылы шілденің 6-ы күні Жоғары кеңес қабылдаған. 1998 жылы 6 мамырда Назарбаевтың жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілген.

Бастапқыда маусым айында атап өтілетін Астана күні 2008 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне – шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланған.​

2019 жылы 19 наурызда Назарбаев өкілетін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған соң, ертеңіне Тоқаев парламентте сөйлеп, Назарбаевтың Қазақстанға, соның ішінде Астана қаласына сіңірген ерен еңбегін атап өтіп, Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлық шығарған.

Былтыр, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы ұран көтеріліп, Талдықорғандағы ескерткіші қиратылған. Осы оқиға кезінде Назарбаевтан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын алған Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай "Жаңа Қазақстан құру" туралы бастама көтерген.

Қазақстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылы жазда өткен референдумнан кейін конституциядан Назарбаевтың аты-жөні аталатын баптар алынып, ерекше жеңілдіктері жойылған.

2022 жылы 17 қыркүйекте Тоқаев ​Астана атауын өз жарлығымен қайтарған, бірақ себебін түсіндірмеген.

Биыл қаңтарда Қазақстан конституциялық сотының шешімімен "Қазақстанның тұңғыш президенті- Елбасы туралы" заңның күші жойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG