Accessibility links

Зерттеу: Путин мінетін арнаулы пойызда хаммам, косметолог бөлмесі, ИВЛ аппараты бар


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин пайдаланатын арнайы құпия пойыз 22 вагоннан тұрады, арасында үш вагон-ресторан мен спорт-сауықтыру вагоны да бар. Бұл туралы "Досье" орталығы, CNN, Süddeutsche Zeitung, Westdeutscher Rundfunk және Norddeutscher Rundfunk басылымдары бірлесіп жүргізген зерттеуде айтылған.

Зерттеу кезінде Ресей федерациясының күзет қызметінің, Ресей темір жолы компаниясы мен оған қатысы бар құрылымдардың құжаттары пайдаланылған. Олардың арасында президентке спорт-сауықтыру вагонын дайындаған "Цикрон Сервис" компаниясы да бар.

Журналистер әлгі вагонның ішінде косметолог кабинеті, жаттығу залы мен хаммам барын анықтаған. Косметологтың кабинетінде өзге заттарға қоса жасанды тыныс аппараты (ИВЛ) мен өкпеге ауа баруға көмектесетін, қан қысымын, жүрек соғысын бақылауға арналған және басқа да медициналық құрал-саймандар бар, кабинет жасырын тыңдалмайтындай етіп жабдықталған деп жазады зерттеу авторлары.

Оған көрші бөлмедегі жаттығу залында татами, салмағы сезгіз келі гантельдер және басқа да спорт құралдары бар. Барлық вагондарда теледидарлар каналдары біркелкі реттелген.

Президент пойызында барлығы 22 вагон болғанымен олардың бәрін бірдей пайдаланбайды, әдетте Путин сапарға шығатын пойызда оншақты вагон болады. Сегіз вагон совет кезінде немесе Совет одағы тарағаннан кейін көп уақыт өтпей жасалған. Бұлар негізінен гараж, байланыс торабы, дизель электр станциясы орналасқан техникалық вагондар және вагон-ресторандар. Путиннің жеке өзіне арналған вагондар 2004 жылдан бастап жасала бастаған. Зерттеуші журналистердің қолына түскен келісім-шарттарға қарағанда, 2014 жылдан бері арнайы пойызды күтіп-баптап ұстауға бюджеттен 1,45 миллиард рубль жұмсалған.

Журналистердің болжамы бойынша, кей кезде бұл пойыздың кейбір вагондарын өзге де жоғары лауазымды саясаткерлер мен шенеуніктер пайдаланған сияқты. Мысалы, 2010 жылы патриарх Кирилл Украинаға сапарлағанда 017-79925 нөмірлі вагон-гараж Cadillac маркалы екі көлік тиеп апарған.

Арнайы пойыз кімнің меншігінде екені белгісіз. Кейбір вагондарда Путиннің досы Юрий Ковальчукке қатысы бар "Гранд Сервис Экспресс" компаниясының белгісі бар. "Циркон Сервиса" құжаттарына қарағанда, меншік иесі бірнешеу сияқты. Мысалы, екі вагон Ресей теміржолы компаниясына, тағы екі вагон Федерациялық қауіпсіздік қызметінің тапсырыстарын орындайтын және Путин пайдаланатын "Ресей" арнаулы тобының ұшақтарына қызмет көрсететін "Вемина Авиапрестиж" компаниясына тиесілі деп көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG