Accessibility links

Ресейдің зымыран шабуылынан Львовта төрт адам қаза тапты


Ресей шабуылынан қираған ғимарат. Львов, Украина, 6 шілде 2023 жыл.
Ресей шабуылынан қираған ғимарат. Львов, Украина, 6 шілде 2023 жыл.

Бейсенбіге қараған түні Украинаның Львов қаласында Ресей армиясының зымыран шабуылы салдарынан төрт адам қаза тапқан. Бұл туралы Украина ішкі істер министрлігі хабарлады. Жараланған 34 адамның арасында кемінде бір бала бар. Құтқарушылар қираған ғимараттардың астынан жеті адамды алып шыққан. 64 адам басқа жерге көшірілді деп хабарлады ІІМ.

Львов қаласының мэрі Андрей Садовой бұл Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасаған уақыттан бері қаладағы азаматтық инфрақұрылымға жасалған "ең ірі шабуыл» екенін айтты.

Оның сөзінше, Ресей шабуылы кезінде зымыран бөлшектері тұрғын үйлерге түсіп, 60-қа жуық пәтер бүлінген. Өрт шығып, оны тез өшіріп үлгерген. Қиранды астында әлі де адамдар болуы мүмкін деді мэр. Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

"Қаладағы мектеп, кеңселер кешені мен 50 автокөлік бүлінді» деді Садовой.

Ресейдің Львовқа жасаған зымыран шабуылының салдары туралы видеоны Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-каналында жариялады.

Жергілікті билік орындары "аса маңызды инфрақұрылым нысанына" зымыран түскенін хабарлады. Шабуылдан кейін қалада электр жарығы өшіп, мобильді байланыс қызметі нашарлағаны туралы хабарлар тараған.

Ресей қорғаныс министрлігі Львовқа жасаған зымыран шабуылы туралы ештеңе айтпады. Мәскеу бұған дейін Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарын атқылағаны туралы айыптауларды жоққа шығарып, "тек әскери нысандарды нысанаға алдық" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG