Ресей мен Украина "45 те 45" формуласы бойынша өзара тұтқын алмасты.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Ресей тұтқынында болған Украина қарулы күштерінің екі офицері, 40-тан астам қатардағы жауынгерлер мен сержанттар, "Азовсталь" кәсіпорнының қызметкері және Херсон аумақтық қорғаныс тобының жауынгері елге оралды деп жазды 6шілде күні telegram әлеуметтік желісіне. Олар Бахмут түбінде, сонымен бірге Запорожье мен Харьков бағыттарында басқыншыларға қарсы шайқасқан.
Ермактың сөзінше, Украина Ресей алып кеткен алты жасар және он жасар екі бала да Украинаға оралған.
Ресей қорғаныс министрлігі украин жағында "тұтқында ажал аузында болған" ресейліктер отанына оралғанын, барлығы емдеп-оңалтуға жіберілетінін хабарлады. Министрлік жариялаған видеоға қарағанда, соғысушы екі жақ Ресейдің Белгород облысымен шекара маңында тұтқын алмасқан тәрізді. Ресей тарабы тұтқын алмасуға қатысты бұдан өзге ешқандай ақпарат бермеді.
Бұның алдында Ресей мен Украина 11 маусымда тұтқын алмасқан. Ол жолы Ресейдің 94 адамы, ал Украинаның 95 азаматы еліне оралған.
ПІКІРЛЕР