Accessibility links

Германия мен Нидерландта Орталық Азия елдерінің тоғыз азаматы терроризм күдігімен ұсталған


Германия мен Нидерланд полициялары Орталық Азия елдерінің тоғыз азаматын теракт жасауға дайындалған деген күдікпен ұстаған. Бұл туралы Германия бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Германияда бес Тәжікстан азаматы, Қырғызстан мен Түркіменстанның бір-бір азаматы ұсталған. Олардың сыбайластары деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты екі адам – Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары Нидерланд аумағында ұсталды деп хабарлады осы елдің прокуратурасы. Ұсталғандар қазір осы екі елде тергеу абақтысында отыр.

Олар террорлық ұйым құру және оған қатысу, бұған қоса "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын қолдау қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен ұсталып отыр.

Тергеушілер күдіктілер бір-бірімен баяғыдан таныс және радикалдық көзқарас ұстанады деген болжам айтады. Бұрын барлығы Украинада тұрған, бірақ былтыр ақпанда Ресей ол елге кең көлемді шабуыл бастағаннан кейін босқын кейпін жамылып, Германияға өтіп кеткен.

Ол елге барған соң, "Ислам мемлекеті" ұйымына еліктеп, терактілер жасау мақсатымен террорлық топ құрып, шетелдегі экстремистермен байланыс орнатқан дейді тергеушілер. Полиция күдіктілер Германия аумағында теракт жасайтын жер таңдап, қару-жараққа қол жеткізуге талпынғаны туралы деректер бар дейді.

Германия бас прокуратурасы ұсталған күдіктілердің түгелге дерлігі шетелдегі экстремистік ұйымдарға бірнеше мәрте қаржылай көмек көрсеткен деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG