7 шілдеде Павлодарда қатты жел тұрып, сауда үйінің шатыры құлаған, қазір төтенше жағдай министрлігінің (ТЖМ) құтқарушылары шатыр құлаған жерде жұмыс істеп жатыр.
ТЖМ мәліметінше, қатты желден сауда үйінің төбесі жазғы кафеге түскен. Куәгерлердің сөзінше, кафеде адамдар болған. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы екі ер адам зардап шеккенін айтады. Дәрігерлердің сөзінше, 48 жастағы ер адамды үйінді астынан шығарып алған. Аяғы сынған адамның жағдайы орташа ауыр. Ал 52 жастағы ер адам ашық бас жарақаты диагнозымен ауруханаға жеткізілген, жағдайы тұрақты.
Павлодарда қатты желге байланысты кейбір бағдаршамдар істемей қалған, кейбір шағын аудандарда жарық жоқ. Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары жарықты жағу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бұдан бөлек, 7 шілдеде қатты желден Щучинск қаласында бес қабатты үйдің шатыры ұшқан, тағы бір көпқабатты үйдің терезесі сынып, ағаш құлаған. Щучинск әкімі Олжас Нұрмағамбетов зардап шеккендер жоқ дейді.
ПІКІРЛЕР