Accessibility links

АҚШ Украинаға кассеталы бомбалар беретінін жариялады


Украиналық сапер жарылмай қалған кассеталы бомбаны жинап жүр. 2022 жылдың сәуірі.
Украиналық сапер жарылмай қалған кассеталы бомбаны жинап жүр. 2022 жылдың сәуірі.

АҚШ ресми түрде Украинаға кассеталы бомбаларды беретінін жариялады. Бұл ақпаратты Ақ үй де, Пентагон да растады. Кассеталы бомбалар АҚШ-тың Украинаға беретін кезекті 800 млн долларлық әскери көмегіне кіреді. Бұл туралы Пентагон басшысының саяси істер бойынша орынбасары Колин Каль хабарлады.

Кальдың сөзінше, Украина кассеталы бомбаларды қалай қолданғаны бойынша есеп береді. Киев бұл бомбаларды бейбіт тұрғындарға қауіп төндірмейтіндей тек өз аумағында қолдануға уәде еткен.

АҚШ-тың бұл жолғы әскери көмегіне кассеталы бомбалардан бөлек 32 Bradley әскери көлігі және 32 Stryker темір сауытты транспорты кіреді. Оған қоса бұл жолғы пакетте мына қарулар бар:

  • Patriot пен HIMARS артиллериялық ракеталарына арналған қосымша қарулар ;
  • AIM-7 ракетаға қарсы жүйесіне қажетті жабдықтар;
  • Stinger, Javelin зениттік кешендері;
  • 31 дана 155-мм гаубица;
  • Penguin дроны;
  • 37 тактикалық әскери көлік.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан "Ресей соғыс басталғалы кассеталы бомба қолданды, қазір енді Украинада өз аумағын қорғау үшін осындай қарулар керек" деді

"Кассеталы бомбалар бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретінін түсінеміз. Сондықтан бұл қаруды ұзақ уақыт бермей келдік. Бірақ Ресей әскері алға жылжып, Украина территориясын басып алса, бейбіт тұрғындарға тіпті қауіпті болмақ. Бұған қоса, Украина әскерінде артиллерия жоқ" деп түсіндірді Салливан АҚШ-тың шешімін.

2022 жылы тамызда кассеталы бомбалармен күресетін Cluster Munition Coalition (CMC) халықаралық ұйымы Ресей Украинадағы соғыста көп рет кассеталы бомба қолданғанын мәлімдеген. СМС есебінше, Украинада кассеталы снарядтардан кемі 215 бейбіт тұрғын қаза тапқан, 474 бейбіт адам жараланған.

Кассеталы қару аспанда жарылып, кейін жерге жүзден аса кішкентай бомбаларды тастайды. Кейбір бомбалар жарылмай, жерде қалып қойып, бейбіт тұрғындарға кесірін тигізуі мүмкін.

2010 жылы 110 ел кассеталы бомбаларды жасау және сақтаудан бас тартып, арнайы Конвенцияға қол қойған. Бұл келісімге АҚШ, Ресей және Украина қол қоймаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG