Accessibility links

Зеленский Түркиядағы "Азовсталь" қорғаушылары Украинаға оралғанын хабарлады


Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Мариупольді басып алғанда "Азовстальді" қорғап, кейін тұтқынға түсуге мәжбүр болған бес әскери қызметкердің Украинаға оралғанын хабарлады. Бесеудің ішінде "Азов" командирлері де бар. Оларды Ресей былтыр қыркүйекте Украина сатқын деп айыптайтын Виктор Медведчукке айырбастаған. Айырбас шарты бойынша олар соғыс соңына дейін Стамбулда тұруға тиіс болған.

Зеленскийдің Түркияға сапарынан соң Киевке Денис Прокопенко, Сергей Волынский, Святослав Паламар, Денис Шлега, Олег Хоменко оралған. Қыркүйекте айырбас жасағанға дейін Мәскеу оларды Донецкідегі немесе Мариупольдегі "халқаралық трибуналға" бермекші болған.

Украина президентінің баспасөз қызметі бес әскери қызметкердің Зеленскиймен бір ұшақта Киевке оралғанын көрсететін видео жариялаған. Олардың Украинаға оралу шарттары хабарланбаған.

"Азовтың" бес жауынгері Түркия президенті Реджеп Ердоғаннын жеке кепілдігімен Түркияда болған. Олармен Зеленский 7 шілдеде Стамбулда кездескен.

Кездесуден кейінгі баспасөз конференциясында Зеленский Киев пен Анкара украин тұтқындары мен Ресейде қамауға алынған саяси тұтқындарды және Қырым татарларын Украинаға қайтару жөнінде бірге жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ердоған да бұл мәселе бойынша Путинмен талқылауды жоспарлап отырғанын айтқан.

Сенбі күні Кремль Анкара мен Киев "Азовсталь" жауынгерлері жөнінде келісімшартты бұзды деп айыптады. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, "Азовсталь" жауынгерлерінің Украинаға қайтарылатынын Ресейге ешкім айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG