Accessibility links

Ақтөбеде "жас баланы өлтіру" бабымен айыпталған адамның соты басталды


10 шілде күні Ақтөбеде төрт жасар Данил Ахуновтың өлімі бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтіп, прокурор айыптау актісін жариялады. Прокуратура баланың әкесі Артур Ахуновты "Жас баланы өлтіру" (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі) бабымен айыптап отыр.

Тергеу материалдарына қарағанда, әкесі ұрып өлтірген Данил Ахуновтың сүйегі былтыр 30 желтоқсан күні Ақтөбенің шетіндегі шұңқырдан табылған.

Ақтөбе тұрғыны Артур Ахунов 2022 жылғы 23 желтоқсан күні трактор жалдап, тереңдігі екі метр шұңқыр қаздырған. Тракторшыға “құрылыс материалдарының қалдығын көмемін” деген Ахунов сол күні кешкілік “қылмысын жасыру үшін” баланың сүйегін көрпеге орап апарып, көміп тастайды. Кейін полицияға хабарласып, аулада ойнап жүрген жерінен ұлының жоғалып кеткенін айтқан.

Сот-медицина сараптамасы бас сүйегіндегі ашық жарақаттан Данил Ахуновтың миына қан құйылғанын, самай сүйегінің сынғанын анықтаған. Одан бөлек баланың кеудесі мен ішінде ауыр соққының ізі болған. Тергеу Артур Ахунов төрт жасар ұлын ауыр затпен ұрған деп санайды.

"Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Оны көтере алмаған әкесі Данилді ұрып-соққан" дейді айыптаушы тарап.

Қырық жастағы Артур Ахунов 2022 жылғы 30 желтоқсанда ұсталып, 2023 жылы 2 қаңтарда сот санкциясымен тұтқынға алынған.

1982 жылы туған Артур Ахунов өзіне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. Алдын ала сот тыңдауы кезінде сотталушының адвокаты Талғат Қырымқұлов судьядан істі қайта тергеуді сұрады.

“Әкесі ұрып өлтірген” төрт жасар Данил Ахунов – үшемнің бірі. Шешесі аналық құқығынан айырылған соң балалар 2020 жылы қараша мен 2022 жылы қараша аралығында Ақтөбедегі "Үміт" жетімдер үйінде өскен. Балалардың әкесі заңды өкілі ретінде құжат әзірлеп, 2022 жылғы қарашада үшемді жетімдер үйінен алып кеткен. Данилдің өлімінен соң оның екі бауыры қайтадан жетімдер үйіне оралған.

Бала жоғалғаны туралы хабар тиісімен Ақтөбедегі Zello.Poisk еріктілер тобының елу мүшесі мен қала тұрғындары, жалпы саны жүзден астам адам Данил Ахуновты екі тәулік бойы іздеген. Баланың сүйегі 30 желтоқсан күні Ақтөбенің шетіндегі шұңқырдан табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG